Көп тіл – бір әлем: Алматы облысында «Полиглот – 2025» номинациясының иелері марапатталды

Almaty.tv
Almaty.tv

Өңірде шет тілді жетік меңгерген 120-дан астам азамат бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Көп тіл – бір әлем». Алматы облысында дәл осындай атаумен көптілділікті дәріптейтін іс-шара өтті. Басқосуға облыс әкімі, Тіл саясаты комитетінің төрағасы,  білім саласының өкілдері, жастар орталығының жетекшілері және облыста көп тіл меңгерген азаматтар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шара өңірдегі тіл саясатын қолдауға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, жастардың тілдік әлеуетін арттыруға,  облыс бойынша бірнеше тілді меңгерген азаматтарды ынталандыруға бағытталған. Алматы облысында ана тілінен бөлек, шет тілді жетік меңгерген 120-дан астам азамат бар. Бүгінгі жиында солардың бірқатары «Полиглот – 2025» номинациясымен марапатталып, тіл үйренудегі жетістіктерін бөлісті.

«Мен 9-10 жасымнан бастап тіл үйрендім. Оған түрткі болған ағам. Ол 5 тіл біледі және оның айтқан әрбір ақылы мен үшін өте маңызды. Осындай іс-шараға қатысып, облыс әкімінің алдына шыққаныма қуаныштымын!» – деді «Қаскелең қаласындағы келешек мектеп» КММ 7-сынып оқушысы Кәусар Миятбек.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, көп тіл білу – көп мүмкіндіктің кілті. Бірлік пен түсіністікке бастар жол да тіл арқылы қалыптасатыны анық. Сондықтан «Көп тіл – бір әлем» идеясы қоғамды біріктіретін маңызды құндылық ретінде өз маңызын арттыра бермек.

«Көп тілді білу – заман талабы. Сол арқылы әлемге, кеңістікке жол ашамыз. Ең бастысы бұл – экономикалық даму жолы. Білім әлемінде үлкен мүмкіндіктер бар», – деді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Айта кетейік, облыста «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары жұмыс істейді. Онда ағылшын, орыс, қытай сияқты шет тілдері тегін үйретіледі.

Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Ашимжанов

Новости партнеров