Бибігүл Жексенбай сұхбаттың қоғам қызығушылығын ерекше арттырып отырғанын айтты
"Ел Президентінің ашық, терең , кең жауап беруі көпшіліктің көкейіндегі көп сұрақтарға жауап болды". ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ana tili" газетіне берген сұхбаты туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық сұқбат беруі жақсы дәстүрге айналды. Сұхбат мемлекеттік тілді дамытуға, ұлт рұханиятына жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан қазақтілді белді басылымға берілді. Сұхбат бір уақытта екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жарияланатынын ерекше атап өткен жөн. Екі тілді аудиторияны тоғыстыратын аса маңызды сұхбат болды.
Биыл “Ана тілі” газетінің сауалдарына ел Президентінің ашық, терең, кең жауап беруі көпшіліктің көкейіндегі көп сұрақтарға жауап болды. Бұл сұхбат қазақстандықтардың елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нақты нәтиже күтуіне байланысты қоғамның қызығушылығын ерекше арттырып отырғаны белгілі", - деп жазды Бибігүл Жексенбай Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, сұхбат бағдарлы, сонымен қатар соңғы уақытта желдей ескен түрлі қауесет-өсектерге нүкте қояр дәйекті сұхбат болған.
"Өз сұхбатында Мемлекет басшысы , экономикалық даму және реформаларды саралап, тұрақты экономикалық өсуді тұрақты қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру Үкіметтің басты міндеті болып табылатындығына баса назар аударған.
Мемлекет басшысы қаржылық-валюталық мәселеге тоқтала келіп, экономиканы басқарудың барлық деңгейінде кәсіби, құзыреттілік тәсілін күшейту қажеттігіне де назар аударды. Бұл ретте “Қазақстанға өңірлік ерекшеліктерді жақсы түсініп қана қоймай, нақты экономиканың заманауи тетіктерін терең, жүйелі білетін, ең бастысы, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған батыл, төтенше және прагматикалық шешімдер қабылдай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Құзыретті дарынды кадрларды даярлауға, тартуға және ең бастысы, сақтап қалуға баса назар аудару елдің болашағы үшін экономикалық тұрақтылық пен егемендіктің стратегиялық маңыздылығын көрсетеді” деді", - деп жазды сенатор.
Ол инфрақұрылымдық даму бойынша өсім бар екенін айтуды жөн көреді. Соңғы жылдары 7 мың километрге жуық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынды және реконструкцияланды, бұл көлік инфрақұрылымын дамытуға, логистиканы, өңірлер арасындағы байланысты айтарлықтай жақсартуға және экономиканың өсімін ынталандыруға қомақты үлесін қосуда. “
"Біле білген адамға жол ел экономикасының күре тамыры. Қаншама елдімекендерге қан жүгірді деген сөз. Әрине жолдың дұрыстығы жолаушылардың да қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ Президент сұхбатында Қазақстанның парламенттік басқару жүйесіне көшуі туралы "Қазіргі уақытта және жақын болашақта президенттік басқару формасы Қазақстан үшін ең оңтайлы” деп ел арасында бәз біреулердің ел арасында әдейі ұйымдастыратын қаңқу әңгімелеріне нүкте қойды. Сұқбаттың мазмұнын қайталамайын, әр оқырманның өзі толық танысып шығуы дұрыс болар.
Оқи отырыңыз: Мүлде қысым көрсетілмеуі керек: Президент бизнесті дамыту туралы