Мүлде қысым көрсетілмеуі керек: Президент бизнесті дамыту туралы

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ana tili" газетіне берген сұхбатында еліміздегі кәсіпкерліктің даму үрдісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын. Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатыс­ты нақты тапсырмалар бердім. Былтыр сәуірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылдадық. Қазір мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіріп жатырмыз. Бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық беріліп отыр. "Басынан бастап реттеу" тәсілі енгізіліп жатыр. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыс санатынан шығарылды, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша қамауға алу жазасын қолдануға тыйым салынды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалды. 

Мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнес­ке қолдау көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, мемлекет ірі бизнесті де дамытуға мүдделі. Осындай кәсіпкерлердің әлеу­меттік жауапкершілігі де, жергілікті қауымдастықтармен ұзақ мерзімге арналған серіктестік қатынас орнатуға деген құлшынысы да зор. Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет пен бизнес­тің ықпалдастығы арқылы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр. 

"Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Осы орайда, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб "бір терезе" қағидатына сай әрекет етіп, шешімдер қабылдап, өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жатқанын атап өткен жөн", - деді Қ. Тоқаев.

Президент мемлекеттің инвестициялық ахуал­ды жақсарту жолындағы жұмысы жемісін беріп жатқанына тоқталып өтті. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссия­сы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады. Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвес­тициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстыр­ғанда 88 пайызға артық.

"Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр­мыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде. 

Мен бизнес өкілдерімен, инвесторлармен алдағы уақытта да кездесетін боламын. Олардың жасампаз бастамаларын қолдаймын. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардан да осыны, яғни бизнеске құлақ асып, онымен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді талап етемін. Бизнеске мүлде қысым көрсетілмеуі керек. Шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қыз­меткерлерін мұндай әрекеттері үшін жазалап жатырмыз, алдағы уақытта да жауапкершілікке тартатын боламыз. Ал кәсіпкерлер алаяқтық жасамай, заң аясында жұмыс істеуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Ел бағдарын айқындаған келелі сұхбат - Арман Жүдебаев

Новости партнеров