Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Қаратал ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ғимаратын аралап көрді. 1983 жылдан бері қолданыстағы нысан биыл күрделі жөндеуден өтіп, қазан айында аталған мекемеге берілген, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.
Министрдің айтуынша, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жасөспірім автоматты түрде әскери есепке тұрғызылады. Сондай-ақ министрлік жұмылдыру ресурстарының ақпараттық жүйесін құрған. Цифрлық трансформация Қазақстандағы 16 мен 60 жас аралығындағы барлық ер азаматты қамтиды. Бұл жұмыс қағаз нұсқада жүргізілген кезде есепте 2,5 миллион азамат болған. Ал цифрлық форматқа көшкеннен кейін олардың саны 6,8 миллионға жеткен.
Бұдан бөлек, IT саласы бойынша білімі бар сарбаздар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес Armia.kz ақпараттық қызметін жасап шыққан. Аталған жоба тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында жасанды интеллект арқылы әзірленген. Ата-аналармен кері байланысқа ыңғайлы бұл қызметтің мобильді нұсқасы да бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге шақырылған азаматтармен әңгімелесіп, оларға Отан алдындағы борышын өтеуде сәттілік тіледі.
– Елге қызмет ету – азаматтық борыш. Бұл – өте маңызды жұмыс, қасиетті парыз. Үлкен әскери мансаптарға жетіп, генерал атаныңыздар. Азаматтық міндетті абыроймен атқарыңыздар. Антқа адал болыңыздар! – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Президент Үштөбедегі Кемел Тоқаев атындағы мектепке барды