Қостанайда дәрігерге шабуыл жасалды

08.08.2025 15:15

Облыстық ауруханада тәжірибеден өтіп жүрген студент жапа шекті

Қостанайда тағы дәрігерге шабуыл жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жолы облыстық ауруханада тәжірибеден өтіп жүрген студент жапа шекті. Оқиға қабылдау бөлімінде болыпты. Эмоцияға ерік берген әйел жас маманды итеріп, соғып жіберген.

Айта кету керек, ауруханада тәулік бойы полиция кезекшілігі ұйымдастырылғанына қарамастан осындай жағдай тіркеліп отыр. Қазір аталған факт бойынша «ұрып-соғу»  бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қос тарап полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, 3 апта бұрын дәл осы ауруханада кезегін күтуден бас тартқан ер адам хирургты соққыға жығып, есінен тандырған. Дәрігер жансақтау бөліміне түсіп, кейінірек санитарлық авиациямен елордаға жеткізілген болатын.

 «Соққыға жығылу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Жанжалға қатысты екі тарап та полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардан жауап алынып, болған жайттың барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Оқи отырыңыз: Тұңғыш рет кітапханашы ақындар арасында жыр мүшәйрасы өтті