Құқықтық диалог: Алматыда заң үстемдігінің жаһандық қоғамдастықтағы рөлі талқыланды

Диалог барысында құқықтық мәдениетті нығайту, тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелері кеңінен сөз болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әлемдік конституциялық құрылысты нығайту мен адам құқықтарын қамтамасыз етуге арналған «Құқықтық диалог» атты маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен жиынға Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының төрайымы Клэр Бази-Малори арнайы келіп, мазмұнды баяндама жасады. Ол халықаралық құқықтық стандарттардың дамуы мен заң үстемдігінің жаһандық қоғамдастықтағы рөлін кеңінен талдады.

«Еліміздің ең алғаш құрылған жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының төрайымы Клэр Бази-Малори сапармен келді. Бұл – біздің университет пен қазақстандық ғылыми қауымдастық үшін үлкен мәртебе. Мұндай кездесулер заң үстемдігін нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және Қазақстанның әлемдік құқықтық кеңістікпен байланысын тереңдетуге ықпал етеді. Сол себепті студенттерімізге пайдалы болды деп ойлаймын», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова.

Айта кетейік, құқықтық жиынға Қазақстан Конституциялық соты, Бас прокуратура, Әділет министрлігі және Парламент комитеттерінің өкілдерімен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы делегациясы мен Францияның жетекші заңгерлері қатысты. Диалог барысында құқықтық мәдениетті нығайту, тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелері кеңінен сөз болды. Іс-шара еркін форматта өтіп, студенттер мен жас зерттеушілерге ашық пікір алмасуға мүмкіндік берілді.

 «Халықаралық құқықтық қауымдастық үшін аса маңызды басқосу болды. Мұнда құқықтық мәдениетті дамытуды, заң үстемдігі қағидаттарын ілгерілетуді сөз еттік. Мұндай ашық пікірталастар болашақ заңгерлер мен зерттеушілер үшін аса маңызды», – деді Страсбург университетінің профессоры Патрик Долла (Франция).

Оқи отырыңыз: ІІМ заң мен тәртіп турасында: қылмыс саны азайды

Новости партнеров