Құнарсыз жер қайта игерілді: Алматы облысында тың бастама жүзеге асты

Бұрын құнарын жоғалтқан 1500 гектар жерге 3,5 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында Алматы облысында табиғатты түлеткен тың бастама жүзеге асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бұл – елімізде алғаш рет қолға алынған орман-климаттық жобасының алғашқы нәтижесі. Экологиялық іс-шараға өңір басшысы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы мен  шетелдік серіктестер қатысты.

Алматы облысының Шеңгелді ауылдық округінде орман-климаттық жобасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында бұрын құнарын жоғалтқан 1500 гектар жерге 3,5 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Олардың қатарында терек, жабайы өрік, «Сириус» және өзге де жергілікті ағаш түрлері бар. Бұл бастама табиғи ортаны қалпына келтіріп, атмосферадағы көмірқышқыл газының көлемін азайтуға бағытталған.

«Бұл жобаның шеңберінде Алматы облысындағы мамандар тапсырыс алды. Былтыр ағаштар кішкентай еді, қазір өсіп қалды. Биыл 200 гектарға ағаш отырғызу жоспарланған. Үш жылда 1500 гектарға көше егіледі», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жоба тек табиғатты түлету емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, жасыл технологияны енгізу секілді экономикалық игіліктерге де жол ашады. Алғашқы кезеңде көшетхана салынып, инфрақұрылым негізі қаланды. Енді тамшылатып суару технологиясы енгізіледі. Бұл – құрғақшылық белең алған кезеңде су ресурсын тиімді пайдаланып, тұрақты орман экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

«Ерекше жобаны таныстырып жатырмыз. Бұл — экологияны қолдауға бағытталған жеке инвестициялық жоба. Оған отандық, еуропалық және Оңтүстік-Шығыс Азиялық инвесторлар қызығушылық танытқан. Көшеттер арнайы аумақта өсіріліп, ғылым мен бизнестің ынтымақтастығы арқылы жүзеге асады. Еліміздегі аграрлық университеттердің ғалымдары мен агрономдар бірлесе жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарға басымдық беріліп, жергілікті тұрғындар арасынан кадр даярлау да қолға алынад», – деді  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Жоба CCB Gold және Abacus халықаралық экологиялық стандарттары бойынша сертификатталып жатыр. Егер толық жүзеге асса, алдағы 30 жылда 1 миллион тоннадан астам көмірқышқыл газынан құтылуға септеспек. Бұл – климаттың өзгеруіне қарсы нақты әрекет.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде Алматы облысында көктемгі маусымда 70 мың ағаш отырғызылып, 6 300 тонна қоқыс жиналды.

Мәди Мәлік, Алмат Ілиясов, Алматы облысы

Новости партнеров