Құрылыс компаниясы жұмыстың 3 айдан бері тұралап тұрғанын растады
Жамбыл ауданына қарасты, Тастөбе ауылының балалары жаттығар жер таппай жүр. Ауылда спорт нысаны болмағандықтан жеткіншектер аудан орталығына сабылуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл ауданындағы Тастөбе ауылдық округі аудан орталығынан 10 шақырым жерде орналасқан. 3 мыңнан аса тұрғыны бар округке 500 миллион теңгеге жоба жасалып, мамырда спорт нысанының құрылысы басталған. Алғашында қарқынды құрылыс жұмысы жүргенімен, кейін тоқтап қалған.
«Спорт кешені көктемде басталды. Айналасын қоршап, нысанның іргетасын қалаған. Үш ай болды, құрылыс тоқтады», – деді Тастөбе ауылының тұрғыны Тілеубай Ізембаев.
«Ауыл ауыл болғалы спорт кешіні болған емес. Биыл құрылыс бастап еді, бір айдан кейін тоқтап қалды. Тезірек аяқталса, балаларға жақсы болар еді»,– деді Тастөбе ауылының тұрғыны Дүйсен Тауасаров.
Құрылыс компаниясы жұмыстың 3 айдан бері тұралап тұрғанын растады. Айтуынша бюджеттен қаражат толық бөлінбеген. Тек 127 миллион теңгеге спорт кешешінің іргетасын қалап, электр желісі мен кәріз жүйесін жүргізіп қойыпты.
«Қыс бойы қарауылға, жарыққа ақша төлеп отырамыз. Ақшаның тапшылығына байланысты осындай болып тұр. Қаражат бөлінбей жатыр. Ниязбек ауылындағы мәдениет үйінінің құрылысын да тоқтаттық», – деді мердігер компанияның өкілі Шәмілхан Үсембаев
Ал аудан басшылығы жергілікті бюджеттегі бар қаржыны аударғанын айтып отыр. Қалғаны республикалық қазынадан берілуі тиіс. Алайда қаражат уақытылы түспеген. Оның қашан бөлінетіні де әзірге белгісіз.
«Қазір облыстағылар Астанада жүр. Қосымша қаржы алып келетін болса, жалғастырамыз. Егер тиісті қаржы бөлінбейтін болса, өтпелі нысан келесі жылы тиісті қаржысы бөлініп, аяқталатын болады», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.
Спорт кешені құрылысының қашан аяқталары тікелей республикадан бөлінетін қаражатқа байланысты болып тұр. Сондықтан жас спортшылар ауданға қатынап жаттыға тұруға мәжбүр
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Адам саудасы: биыл 141 қылмыстық іс тіркелді