Егіс алқаптарының 97,9 пайызы жиналды
Ел бойынша күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Қазір диқандар 26 миллион тоннадан астам астық бастырып үлгерген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бүгінге дейін жалпы егіс алқаптарының 97,9 пайызы жиналып бітті. Дәнді дақылдармен қатар, шаруалар 3 миллион тонна майлы дақыл, 2,9 миллион тонна картоп және 3,9 миллион тонна көкөніс жинады.
Министрлік науқанның агротехникалық талаптарға сай, ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын айтады. Ауа райы да шаруаларға қарайласып, жұмысты кідіріссіз жүргізуге мүмкіндік берген.
«Сонымен қатар министрлік ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне егін жинау жұмыстары үшін кешенді қолдау көрсетеді. Тағы бір атап өтетін жайт, биылғы егін жинау жұмыстарына республика бойынша 139 мың ауылшаруашылық тракторлары мен 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, 130 мың басқа да техника тартылды», - деді ҚР АШМ Суармалы егіншілікті дамыту басқармасының басшысы Ерсайын Досымбетов.
Оқи отырыңыз: Енді жеке тұлғалар шетелден жүк көліктері мен автобустар әкеле алмайды