"Қысы-жазы үйге қамаламыз": Маңғыстау облысында тұрғындар жағымсыз иіске шағымданды

14.01.2025 15:02

Ауасы бұзылған ағайынның бұдан да басқа айтар уәжі көп

Маңғыстаудағы Қызылтөбе ауылының тұрғындары іргесіндегі шаруашылықтың үстінен шағым айтты. Жұрт қолқаны қабатын сасық иістен әбден мезі болдық дейді. Әсіресе, көктем мен жаз айларында үйдің терезесін ашып қою мұңға айналған. Ауылдықтар әкімдікке талай мәрте шағымданған. Алайда шешімін тапқан мәселе жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Қолқаны қапқан қолаңса иіс бүтін бір ауылды жайлап, демалу мүмкін болмай тұр. Тұрғындар тіпті бетпердемен жүруге айналған. Емін-еркін тыныстай алмайды. Себебі үйлерінің маңына орналасқан бірнеше шаруашылық тазалықты сақтамайтын көрінеді. Мәселен, мына көңнің алынбағанына бір ай болыпты.

"Көріп тұрсыңдар, қаншама шаруашылық бар. Жаздыңгүні бұл жерде отыру мүмкін емес. Иісінен шыға алмайсың, қонақ шақыра алмайсың, далаға шығып шаруа жасай алмаймыз, балдарымыз шықпайды. Қысы-жазы үйге қамаймыз. Міне, иістің кесірінен маска киіп жүреміз. Маскасыз жүру мүмкін емес", - дейді тұрғын Алима Нұрмағанбетова.

Ауасы бұзылған ауылдағы ағайынның бұдан да басқа айтар уәжі көп. Мәселен, даудың басы болған дәл осы шаруашылықтар қазір аймақтағы энергия тапшылығына себеп болып отырған көрінеді. Жарықтың жиі өшуінен тұрғындардың тұрмыстық техникасы да жиі бұзылатынды шығарыпты. Осы тұста анығын айту керек, азаматтар кәсіптің өркендеуіне қарсы емес. Олар тек аталған шаруашылықтар заңды жұмыс істесе дейді.

"Жарыққа әсері бар. Жарық өшіп қалады. Тоңазытқыштар жиі өшіп қалады. Өйткені ол шаруашылықтарда станок бар. Қағаз уата ма, шөп уата ма, білмеймін. Ішіне бізді кіргізбейді", - дейді тұрғын Еркін Жексенбиев.

Ауыл әкімдігінің берген ақпаратына сәйкес, бұл жерде 4-5 қосалқы шаруашылық өз кәсібін дөңгелетіп отыр екен. Ал жағымсыз иіс жылқы бағатын шаруашылықтан шығатын көрінеді. Қазір мұнда 60-қа жуық жылқы бар екен.

"Жаңа ғана ескерту айттық. Екі күн мұрсат бердік, ол бізден бір апта сұрады. Бір аптаның ішінде малдың қалдығын алып тастайды. Оған қосымша, СЭСке хабарлама беріп, сол арқылы тексеретін боламыз. Аумағына қанша мал бағуға болатын қарап, қосымша шара қабылдаймыз", - деді Қызылтөбе ауылы әкімінің орынбасары Наурызбек Сүйіт.

Электр қуатына да аз-кем тоқталайық. Бүгінде Қызылтөбе ауылында екі мыңнан астам тұрғын үй бар. Жарықтың қуаты мұнда расында әлсіз екен. Бірақ олқылықтың орнын толтыру үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатқанға ұқсайды. Шенділер “ауыл сапалы электр қуатымен толықтай келер жылы қамтамасыз етіледі” дейді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Алматы облысында тіс дәрігері ауырып келген науқасқа қол көтерген