Құрбандардың 31-і – қарттар үйінде тұрып жатқан адамдар
Қытайдағы тасқыннан Пекин мен Хэбэйде ондаған адам қаза тапты, қарттар үйінде 31 адам көз жұмды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
South China morning post басылымының жазуынша, Қытай астанасы Пекин мен Хэбэй провинциясында болған жойқын нөсер мен су тасқынынан 44 адам көз жұмды. Бұл туралы ресми мәліметтерге сүйене отырып, жергілікті билік хабарлады. Құрбандардың 31-і – Пекин маңындағы Миюнь ауданындағы қарттар үйінде тұрып жатқан адамдар.
Аталған мекеме қауіпсіз аймақта орналасқан деп есептеліп, эвакуация жоспарына енгізілмеген. Қарттар үйінде оқиға кезінде 77 адам болған, олардың 55-і — жартылай немесе толықтай күтімді қажет ететін қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Апаттан кейін де іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасты.
Миюнь аудандық партия комитетінің хатшысы Юй Вэйго «құтқарушылар жедел әрекет еткенімен, су тасқынының жылдам ағымы жұмысқа кедергі келтірді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы 16 мыңнан астам адам алдын ала эвакуацияланғанымен, қарттар үйі орналасқан аймақ ұзақ уақыт бойы қауіпсіз деп саналған.
Пекин вице-мэрі Ся Линьмао да төтенше жағдайларға дайындық пен ауа райын ескерту жүйелеріндегі олқылықтарды мойындап, жағдайға өкініш білдірді.
Су тасқынынан Хэбэй провинциясы да қатты зардап шекті. Луаньпин ауданында лай көшкіні салдарынан сегіз адам қаза тауып, төртеуі із-түзсіз жоғалып кеткен. Синлун ауданында да жауған нөсерден кемі сегіз адам қайтыс болып, 18 тұрғын іздестірілуде.
23 шілдеден бері жауын-шашын Солтүстік Қытайдың кең аумағын қамтыды. Табиғи апат Пекиннен бөлек Хэбэй, Тяньцзинь, Ляонин және Шаньдун провинцияларына да әсер етті. Алдын ала есеп бойынша, тек Миюнь ауданында 31 мыңнан астам үй, 7 мыңға жуық көлік және 10 жол бүлінген.
Желіде тараған видеоларда лай көшкінінен қираған үйлер мен құтқару сәттері көрсетілуде. Хэбэй тұрғындары бірнеше ауыл мен шағын қаланың байланыссыз қалғанын айтып жатыр.
Оқи отырыңыз: Петропавлда 10 мың вольт ток соққан ер адам аман қалды