Аталған дерек бойынша бірнеше өңірдің тұрғындары ұсталды
Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызылорда өңірінде жыл басынан бері 107 есірткі қылмысы анықталса, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі есірткі зертханасы мен меф және синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдаудың төрт дерегі белгілі болған. Әрі аталған іске қатысы бар делінген Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары ұсталды.
Сондай-ақ аймақтағы есірткі жарнамасы бар 50-ден астам граффити-жазулар жойылып, мониторинг барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 141 сайт енгізіліп, бұғатталған.
«Заңсыз айналымнан алынған 1 тонна 346 килограмм 422 грамм есірткі заттарының ішінде 48,9 келі марихуана, 324,9 гр синтетикалық есірткі, 1 келі 013 гр гашиш тәркіленді. Және екі фито зертхана анықталды», - деді Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ардақ Дөненов.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған екі топ ұсталды