Ол тауар бағасын үш есе өсіріп көрсетіп, жалған құжаттар жасаған
Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының бас есепшісі аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ол медициналық кереуеттердің бағасын үш есе өсіріп көрсетіп, жалған құжаттар жасаған. Онда бір төсек құны 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ шын мәнінде, оның бағасы 460 мың теңгеден аспапты. Солайша, негізсіз қосылған шығын көлемі 129 млн теңге болған.
Айта кетейік, күдікті заңсыз әрекетін жұбайымен бірге іске асырыпты. Аталған факт бойынша тергеу аяқталды.
«Тергеу барысында күдіктілердің 111 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Мемлекетке келтірілген 129 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелді. Бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Жүргізуші куәлігі болмаған: Шымкентте адам өліміне себепкер болған тұрғын сотталды