Қызымды көлік қағып кетті: Ақтауда бір отбасындағы балалар бірнеше мектепке баруға мәжбүр

1500 орындық оқу кешенін салу үшін мемлекеттік бюджеттен 8 миллиард 83 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудағы шағынаудандардың бірінде мектеп мәселесі әлі күнге өзекті. Облыс әкіміне жағдайды талай жеткізгенмен, нәтиже көрмеген көпшілік арыздарының он жылдан бері оң шешім таппағанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл шағынауданда тұрғын үй бой көтеріп, ел қоныстанғанына 10 жылға жуықтады. Алайда азаматтар осы уақыт ішінде бірде-бір мемлекеттік мектептің салынбағанына қынжылады. Бұған дейін аталған 16-ықшамауданның балалары жекеменшік орындарда оқыпты. Ал келер жылдан бастап бұл білім ордалары тек ақылы негізде сабақ өткізбек. «Ай сайын бір балаға 100 мың теңге төлеуге шамамыз жетпейді» деген ата-аналар шешім шығаруды талап етеді.

«Балаларымызды қалған 3-4 айдың ішінде қай мектепке қаңғытуымыз керек?  Ертең №19 мектепте жарты жыл, «Жайлы мектеп» ашылған кездн  жарты жыл оқитын болса, баланың психологиясын бұзады. Салынып жатқан мектеп құрылысын тезірек бітіріп, қолданысқа беруді талап етеміз», – деді қала тұрғыны Ырзагүл Сақтағанова.

Ал көпбалалы ана Әйгерім Балықбаеваның үйінде төрт оқушы бар. Әрқайсысы әртүрлі мектепке қатынап оқиды. Алыстағы ауданнан барып-келу балаларға қиын. Мәселен сөйтіп жүріп бір қызы апатқа ұшыраған.

 «Автобус жолдың екінші жағынан түсіріп кеткен. Қызымды жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқанда машина қағып, 8 ай төсек тартып үйде жатты. Мектептің жоқтығынан балам зардап шекті», – деді қала тұрғыны Әйгерім Балықбаева.

Тұрғындар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысын жедел аяқтап, жаңа оқу жылына дейін ашуды сұрайды. Ал Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы «жаңа мектеп ашылғанға дейін, ешбір оқушы білімсіз қалмайды» деп сендірді.

«Жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр.  Былтыр жекеменшік мектеп тегін оқумен қамтамасыз етті. Биыл ақылы оқытпақ. Оны шешу мақсатында 28 мамыр күні 16-шағынаудан тұрғындары, мектептің және басқарманың өкілдері бас қосып,  жиналыс барысында шешеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиев.

Халық сұраған мектептің құрылысы былтыр шілде айында басталған. Шенеуніктер жаңа білім ордасын биыл қазанда қолдануға береміз деп отыр. Айта кетейік, 1500 орындық оқу кешенін салу үшін мемлекеттік бюджеттен 8 миллиард 83 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Еңбек кубогы: Алматыда колледж оқытушылары арасында турнир басталды

Новости партнеров