Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды

Almaty.tv
Almaty.tv

Білім ордасына  28 мыңнан астам студент білім алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды. Мерейтойға орай Алматыда салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин білім ордасының айрықша рөлін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Хатта Мемлекет басшысы университеттің мерейлі белесі ұлттық ғылым және тұтас білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Профессорлық-оқытушылық құрам, студенттер, түлектер бас қосқан жиында оқу орнының ғылыми-зерттеу бағытындағы, инновация саласындағы жетістіктері, алдағы жоспары баяндалды.

"Ұлттық университет болмаса, көп салада артта қалып кетер едік. Қара шаңырақта бұрын болмаған мамамандықтар дүниеге келіп жатыр. Биыл университет бітіргеніме 49 жыл болды Осында оқығаныма, жұмыс істейтініме мақтанамын!" – деді тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадияр Елеуов.

Салтанатты іс-шарада университет қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Жас ғалымдарға пәтер кілті табысталып, білім ордасының тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді. Жиын соңы қазақ эстрадасы мен операсының әйгілі орындаушыларының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, университетте 28 мыңнан астам студент білім алады. Білім ордасы «зерттеу университеті» мәртебесіне ие.

"Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттейміз. Олардан биологиялық белсенді қосындысын алып, фармацевтикалық белсенділігіне қараймыз. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапат алдым, өте қуаныштымын!" – деді  Әл-фараби атындағы ҚазҰУ Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңісқызы.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы қонақ үй бизнесінің дамуы: қорытынды мен болашақ

Новости партнеров