Әлем таныған Әбдіжәміл: жазушының еш жерде жарияланбаған фотосуреттері кітапқа енді

28.10.2024 15:39

Биыл Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы – "Соңғы парыз", "Қан мен тер", "Курляндия" сынды көпке белгілі туындылардың авторы. Артына өшпес із, асыл мұра қалдырған нар тұлғаның мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар Алматыда жалғасын тапты. Алдымен қаламгер өмірінің соңғы жылдары өткен Мұқан Төлебаев көшесіндегі 156-үйге мемориалды тақта орнатылып, кейін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

"Төлебаев көшесінде ұлы тұлғаларымыз түрған. Әбдіжәміл ағамыз да "Соңғы парыз" романы осы жерде жазды. Шығармаларының барлығы осы жерде орыс және өзге тілге аударылды", – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

«Әлем таныған Әбдіжәміл» атауымен өткізілген конференцияға Жазушылар одағының мүшелері, ақындар, театр және кино актерлері қатысты. Алқалы жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Кейін баяндамалар тыңдалып, Әбдіжәміл Кәрімұлының қалам тартқан тақырыптары, зерттеген мәселелері талданды. Шығармаларының өміршеңдігі сөз болып, берері мен айтар ойы талқыланды. Іс-шара аясында екі тілде жарыққа шыққан «Әбенің әлемі» аталатын фотоальбомның тұсаукесер рәсімі де өткізілді. Кітапта Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған фотосуреттері бар. Оны белгілі фототілші Сайлау Пернебаев жылдар бойы жинақтаған.

"Әбдіжәміл ағамыз "Қан мен тер", "Соңғы парыз" атты роман жазса, Сайлау ағамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтә фотомен суреттеген. Бұрын көп жарияланбаған 100-ге жуық суреті кітапқа енді.20 сурет тек таңдауға қойылды", – деді  С. Пернебаевтың шәкірті, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы.

Оқи отырыңыз: Мектептегі оқушылардың 70-80 пайызы дұрыс көрмейді - офтальмолог