Әлемде жыл сайын бір миллиард тоннадан астам азық-түлік қоқысқа тасталады - БҰҰ

Жаһан елдерінде мейрамханалар мен қонақүйлер қызмет көрсету тәсілдерін өзгертіп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл сайын әлемде бір миллиард тоннадан астам азық-түлік қоқысқа тасталады. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы көрсеткен мәлімет. Ал Алматыда жыл сайын шамамен 500 мың тонна қоқыс шығарылса, оның 47 пайыздан астамын тағам қалдықтары құрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаһанда жеті жүз миллион адам аштықпен күресіп жүргенде, тамақты ысырап еткен жұртты көріп жағаңды ұстайсың. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде бір миллиард тоннадан астам тағам қалдықтары қоқыс полигондарына жөнелтіледі. Оның шамамен 60 пайызы тұрғындардың үлесіне тиесілі. Көпшілік түрлі акциялар мен жеңілдіктерге қызығып, қажет мөлшерден артық өнім сатып алады. Салдарынан экономикалық шығынмен қатар, экологиялық мәселе де пайда болады екен.

«Адамдардың тамақтарды далаға лақтыруының өзі экологияға да зиян болып саналады деп ойлаймын. Жануарларды сатып алады, қарай алмағандықтан тастай салады. Далада олар көбейіп кетті», – деді қала тұрғыны Зарина Мұрсалбекова.

«Үйде де, кафеде де шағын тамақ алу керек, ысырап болмайды», – деді қала тұрғыны Динара Әлиева.

  Ал психологтардың айтуынша, тұрғындардың тағамды аяқ асты етуі күйзелісті тамақ арқылы жеңуге тырысу әсерінен болады. Сондай-ақ тамақтану тәртібі мен қаражатты жоспарсыз жұмсауына байланысты байыпсыз әрекеттерге баратынын айтты.

«Негізінде адам соншалықты көп тамақ тұтынбайды. Оған әлдеқайда аз мөлшер жеткілікті. Бірақ адамдар неліктен көп алғысы келеді? Себебі адамның санасында «маған көбірек керек» деген түсінік қалыптасқан. Алайда шын мәнінде сонша көп нәрсе қажет емес. Сонымен қатар адамның назары үнемі жағымсыз нәрселерге ауып тұрса, ол күйзеліске түсіп, сол күйзелісті тамақпен басуға тырысады», – деді психолог Шынар Құсманқызы.

Полигондарда тағам қалдықтары қоршаған ортаның ластануына әсер еткенімен қоймай, оны өндіруге жұмсалған су, электр энергиясы да шығынға ұшырайды. Мамандардың мәліметінше, Алматыда жыл сайын шамамен 500 мың тонна қоқыс шығарылса, оның 47 пайыздан астамын тағам қалдықтары құрайды.

«Полигондардағы тағам қалдықтары метан газын бөледі. Бұл – ең күшті парниктік газдардың бірі. Оның әсері көмірқышқыл газынан бірнеше есе жоғары. Бүгінде тағам қалдықтарын көмуге рұқсат етілмейді. Алайда іс жүзінде олар басқа қалдықтармен араласып кетеді. Соның салдарынан пластик пен өзге де материалдарды қайта өңдеу қиындай түседі әрі қосымша шығындарды талап етеді», – деді эколог Тоты Санатова

Бүгінде жаһан елдерінде мейрамханалар мен қонақүйлер қызмет көрсету тәсілдерін өзгертіп жатыр. Олар порция көлемін азайтып, швед үстелінің форматын қайта қарап, тағам қалдықтарын бақылау жүйелерін енгізуде. Ал мамандардың сөзінше, азық-түлікке ұқыпты қарау жаһандық шешімдерден емес, әр адамның өзіне қажетті мөлшерде ғана сатып алу әдетінен басталады.

Ербол Медетбек, Амина Усенова, Думан Даулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Сауда министрлігі: Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бақылауда