Леңгірде сасық иіске тұншыққан тұрғындар зауыт құрылысын тоқтатуды талап етті

11.12.2025 20:16

Қолқаны қабатын иіс салдарынан халық шаңырағынан безетін халге жеткен

Түркістан облысының жұрты қолқаны қабатын жағымсыз ауаға тұншығып отыр. Себебі Леңгір қаласындағы зауыттың септигінен шығатын сасық иіс бүкіл ауылға тарап кеткен. Соған қарамастан кәсіпорын өндірісті жалғастырып жатыр. Ал бұған жергілікті тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Сасық иіске тұншыққан халық, осылайша, өз шаңырағынан безетін халге жеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жергілікті балмұздақ шығаратын зауыт санитарлық талаптарды сақтамағанымен қоймай, енді өндірісті кеңейту үшін айналадағы үйлерді жаппай сатып ала бастапты. Тіпті олар тұрғындарға келіп, баспанасын сатуға үгіттеген. Ақыры келісуге мәжбүр болғандардың жеріне құрылысты әлдеқашан бастап та кетіпті.

«Міне, мына үйде әлі де адамдар тұрады. Ал одан әрі небәрі үш метр жерде зауыт салынып жатыр. Халық осындай шу мен қайнаған құрылыстың ортасында қалай өмір сүрмек? Зауыттың тұрғын үйлерге осыншама жақын салынуы қаншалықты заңды?», - дейді ауыл тұрғыны Фурхат Боранбаев.

«Бұл құрылыс басталар кезде-ақ балама: “Балам, бұл тым жақын орналасқалы жатыр ғой” деп айттым. Өйткені көп адамдардан естігенмін, мұндай үлкен өндірістік нысан үйден кемі 5–6 метр алыс болуы керек деп. Бұл үлкен цех қой. Әлі жұмысын бастаған жоқ, бастағанда не болатынын кім біледі. Бірақ менің сөзімді тыңдаған ешкім болмады», – дейді ауыл тұрғыны Баян Байниева.

Зауыт өкілдері болса ешкімді баспанасын сатуға мәжбүрлеген жоқпыз деп отыр. Ал кәсіпорыннан тараған жағымсыз иіс үшін айыппұл төледік деп ақталды. Енді мұндай жағдайды болдырмас үшін арнайы құрылғыларды орнатқандарын жеткізді.

«Біздің мекеме тарапынан су тазалау және иіссіздендіру құрылғыларына 280 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жобаның жалпы сметасы бойынша жұмыстар үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жүргізіліп, биыл соңғы кезеңі толық аяқталды. Соның нәтижесінде жаз айларында да иіс шығуы тоқтатылды», – деді зауыттың заңгері Шавкат Сәрсенбаев.

Халық дүрлігіп, шу көтергеннен кейін мәселеге ауыл әкімдігі араласты. Осы уақытқа дейін жұрттың өтінішін елемей келген билік өкілдері енді мәселені шешеміз десе де, оған тұрғындардың сенгісі жоқ. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған бұқара құрылыс тоқтатылсын деп қатаң талап қойып отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Петропавлда тозған құбыр салдарынан жүздеген отбасы жылусыз қалуы мүмкін