Тұрғындар қанша мекемеге жүгінсе де, мәселенің шешілетін түрі жоқ
Петропавлда жүздеген отбасы қақаған аязда жылусыз қалуы мүмкін. Себебі тозығы жеткен жылу желілерінде апат азаяр емес. Ал тұрғындар бұл мәселе жақын арада шешіледі дегенге сенбейді. Бүрсең қаққан тұрғындардың жанайқайын Аlmaty.TV тілшісі тыңдап қайтқан еді.
Петропавлда бірнеше көпқабатты үйге жылу жеткізетін ескі құбыр әбден тозып, шаһар тұрғындарын әбігерге салған. Соңғы бір айдың өзінде желі 10 рет істен шығып, аймақтағы ахуалды одан әрі қиындата түскен. Тұрғындар қанша мекемеге жүгінсе де, мәселенің шешілетін түрі жоқ екен.
«Жылу да, ыстық су да жоқ. Қаңтардың қақаған аязында не боларын елестетудің өзі қиын. Қаладағы құбыр әбден шіріп кеткен. Жөндеу тобы тек сәл-пәл дәнекерлеп қояды. Сол себепті әлі талай апат болатыны анық», - деді Петропавл қаласының тұрғыны Павел Яминский.
«Біз өз ұсыныстарымызды бақылаушыға жеткіздік. Жазбаша түрде өтініш те жолдадық. Бірақ жылу желілеріне қарайтын мамандардан ресми жауап болмады», - деді меншік иелері бірлестігінің төрағасы Юрий Виничевский.
Ал қала жұртшылығының көңілі күпті. Себебі коммуналдық төлемін уақытылы өтесе де, қолайсыздықтың басылар түрі жоқ. Оның салмағы әсіресе зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға ауыр тиіп отыр екен.
«Кейде жылу 10 сағат бойы болмай қалады. Пәтердің іші салқындап кетеді. Ыстық су да жоқ. Кішкентай балалары барлар қалай өмір сүреді? Коммуналдық қызмет бағасы қымбаттап жатыр, ал сапасы сай келмейді», - деді Петропавл қаласының тұрғыны Ольга Кондрашова.
Ал жылумен қамтамасыз ету мекемесінің өкілдері желі жөнделетінін айтады. Алайда жұмыс толық аяқталуы үшін әлі біраз уақыт күту керек.
«Петропавл жылу желілеріндегі белгіленген тариф жөндеуді қажет ететін жұмыстарды толық қамтымайды. Біз келер жылы күрделі жөндеуді жоспарлап отырмыз. Осыдан екі апта бұрын бұл учаскеге зерттеу жүргіздік», - деді «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры Виталий Холоша.
Петропавлда қақаған аяз енді басталады. Ал жылу желілері жөнделгенше, тұрғын үй халқы бүрсең қағуына тура келеді.
Мәди Мәлік, Петр Акутионов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақшасынан айырылып, шетелге бара алмаған: Алматыда тұрғындар туроператор әрекетіне шағымданды