Лицензиясы жоқ: Ақтауда ата-аналар әскери мектеп-интернат басшылығынан оқу ақысын қайтаруды талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv

Өңірдегі білім басқармасы бір ай бұрын арнайы тексеріс жасап, жұмысты тоқтатуға тапсырма берген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда әскери мектеп-интернатқа қатысты дау шықты. Балаларын жеке меншік академияға оқуға берген ата-аналар мекеменің лицензиясы жоқ екенін біліп, наразылық білдіруде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нұрзада Таңбай баласын білім алу үшін интернатқа тапсырған, алайда кейін оны амалсыздан оқудан шығаруға мәжбүр болған. Сөзінше, келісімшартқа сәйкес бір жылдық оқу ақысына 1,5 миллион теңге төлеген. Қыркүйекте әскери мектеп-интернаттың лицензиясы жоқ екені анықталған соң, баласын оқу орнынан алып кеткен.

 «Мектеп пен ата-ананың ортасында келісімшарт жасалды. Егер де белгілі бір жағдаймен бала оқуды соңына дейін аяқтамаған жағдайда оқу ақысы 30 күннің ішінде қайтарылады деп жазылған. Уәде етілген уақыттың өтіп кеткеніне 2 апта болды. Яғни 1,5 ай уақыт өтіп отыр», – деді қала тұрғыны Нұрзада Таңбай.

«Келісімшарт бойынша бес уақыт тамақ, мектепке алналған форма берілуі керек. Ал қысқы миміне қосымша 30 мың теңгеден ақша жинады. Оны бердік. Бір жылға 1 млн теңге төледім. Бірақ сабақ өтіп жатқан жоқ», – деді қала тұрғыны Күмісай Ізтілеуова.

Жиналғандардың айтуынша, кейбірі балалары үшін 2,5 миллион теңгеге дейін қаражат төлеген. Алайда келісімшартта көрсетілген талаптың бірі де орындалмаған. Форма берілмек түгілі балалардың толық тамақтануы мұң болыпты. Ал қалалық білім бөлімінің өкілдері аталған оқу орнының лицензиясыз жұмыс істеп келгенін растады.

«Батыр» мектебі бойынша ешқандай құжат рәсімделмеген. Маңғыстау облыстық Білім беру департаментінен лицензия алмаған. Сол себепті өткен аптада бұл мектептің барлық оқушыларын толық тараттық. Қазіргі таңда Ақтау қалалық білім бөлімі тарапынан оқушыларды қаладағы кез келген мемлекеттік мектепке орналастыру мүмкіндігі бар екенін ата-аналарға айттық», – деді  қалалық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Сатқанбаева.

Өңірдегі білім басқармасы бір ай бұрын арнайы тексеріс жасап, жұмысты тоқтатуға тапсырма берген. Алайда мұндай жекеменшік білім ордалары қызметін бастау үшін олардан рұқсат сұрамайды екен. Ал жиналғандар бір жылдық оқу ақысын толық қайтарып алу үшін қалалық прокуратураның көмегіне жүгінбекші.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды

Новости партнеров