Қос іс бойынша тергеу жүріп жатыр
Жамбыл облысында 3 күн ішінде 2 оқушы қатарластарының қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірі бүгін Тараз қаласындағы №47 орта мектепте болған. 9-сыныптың оқушылары қоңырау кезінде өзге сыныптағы жасөспірімді дәретханаға кіргізіп алып, қол көтерген. Алдын ала мәлімет бойынша жәбірленуші кеуде тұсына тиген ауыр соққыдан, жедел-жәрдем келгенше, жан тәсілім еткен.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің толық обьективті және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деді ПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді.
Ал екінші қаза Шу ауданында бірнеше күн бұрын болған. Полицияның мәліметінше, Көкқайнар ауылының 10 және 11-сынып оқушылары футбол ойнап, үлкен сынып балалары ұтылып қалған. Нәтижеге ашуланған олар 10-сынып балаларын соққыға жыққан. Салдарынан оқушылардың бірі жан тапсырды. Қазір қос іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, 1 қыркүйекте Тараздағы шағын ауданның бірінде тағы бір мектеп оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмған.
«Қылмыстық кодекстің 106-бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 29 қыркүйекте бала құқығы жөіндегі уәкіл Динара Болатова Закиевнаның төрағалығымен мониторингтік топ келеді. Осы оқиға бойынша барлық мәселесін зерттейді», – деді бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов.
Оқи отырыңыз: Ясауи GPT: түркістандық студент интернетсіз жұмыс істейтін қосымша ойлап тапты