Әліппеден ҰБТ-ға дейін: «КітапFest-2026» биыл қандай жаңалықтармен ерекшеленді

Дәстүрлі іс-шараға шаһардағы 60-тан астам баспа қатысуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Арбатында Қала күніне орай «КітапFest-2026» фестивалі өтіп жатыр. Дәстүрлі іс-шараға шаһардағы 60-тан астам баспа қатысуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғындары мен кітапсүйер қауымды жинаған іс-шара биыл да Арбат алаңында ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасатын фестивальге 60-тан астам баспа қатысып жатыр. Сонымен қатар қаламгерлер шатырында ақын-жазушылармен кездесулер өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – қала тұрғындарының кітап оқуға қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамыту. Сондай-ақ әдебиетті көпшілікке қолжетімді форматта ұсыну.      

«Қала тұрғындарын, қонақтарын Қала күнімен құттықтаймын! Кітапфестке 60 баспа қатысып жатыр. Бұл – кітап оқу мәдениетін, кітапқа деген жақындық, әдебиетті насихаттау мақсатында жылды күз айларында өтетін фестиваль», – деді қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Ләззат Спатаева.

  Көрмеге қойылған кітаптардың арасында қазақстандық авторлардың туындылары мен қазақ тіліндегі басылымдарға басымдық берілген. Оқырмандардың да сұранысы жоғары.

«2019 жылдан бері 7-рет келіп қатысып жатырмыз. Биылғы ең үлкен жаңалығымыз, - әліппенің Ы.Алтынсарин ұсынған нұсқасы. Жылда  жұрт асыға күтетін кітап – майдандар сериясы. Биыл «Нұртас және елге қызмет» деген атпен Нұртас Оңдасынов жайында кітап шықты», – деді қатысушы Санжар Керімбай.

 Көркем әдебиеттен бөлек, жоғары сынып оқушыларына арналған оқу құралдары да бар. Шаһардағы тестілеу орталықтарының бірі ҰБТ-ға дайындыққа арналған авторлық кітаптарын көпшілік назарына ұсынған.

«Алғаш рет кітапфестке авторлық кітаптарды әкелдік. Келушілер көп. Олардың ішінде жастардың саны басым. ҰБТ-ға дайындайтын орталық болғандықтан жастармен кездесіп, кітаптарымызды таныстырту – мәртебе», – деді тестілеу орталығының өкілі Айдана Көшербаева.

 Мегаполис мерекесіне орай ұйымдастырылған фестивальге келушілердің қарасы қалың. Жас оқырмандар да сүйікті ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, кітапқа деген қызығушылығын көрсетті.

«Күзде және көктемде өтетін кітап жәрмеңкесіне міндетті түрде келемін. Себебі баспалар өнімдерін тікелей алып келеді. Біз бейхабар болып жүрген жаңа кітаптар шығады. Екінші жағынан, бағасы да тиімді болады. Мектепте сабақ беретін мұғалім болғандықтан оқушыларды алып келіп, кітап жәрмеңкесін, мәдени мереке ретінде қарастырамыз. Бір сөзбен айтқанда кітап жәрмеңкесі – рухани-мәдени мерекеміз», – деді қала тұрғыны Жарқын Сәленұлы. .

«Асқартау атажан өшпес мұра қалдырған,

Алаштың арда баласы, теңіздей терең санасы.

Ұлы істің бұлағы, тұлға ұлттық қыраны,

Наркескендей намысты», – деді жас оқырман Бекарыс Оңалбек

Айта кетейік, «КітапFest-2026» ертеңге дейін жалғасады. Іс-шара Мәдениет басқармасының қолдауымен және Алматы кітапханаларының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Фестиваль аясында кітап жәрмеңкесімен қатар, қаламгерлермен кездесулер де ұйымдастырылған.
Олжас Омарбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алма мен өнер тоғысқан мереке: Панфилов көшесінде Қала күні қалай өтуде