Ертең – ұлт ұстазының туған күні
Ертең – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған күні! Қазақ тіл білімі мен ағарту саласында өшпес із қалдырған ғалымның еңбегі бір ғасырдан астам уақыт өтсе де маңызын жоғалтқан жоқ. Рухани көсем қазақ әліпбиін реттеп қана қоймай, ана тілінде сауат ашудың тұтас жүйесін құрды.
Бүгін әріп танып, кітап оқып жүрген бала үшін әліппе – білімге бастар алғашқы баспалдақ. Ал осы баспалдақтың берік қалануына Ахмет Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі зор. Ғалым қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін зерттеп, жазуды ана тіліміздің табиғатына бейімдеді. Осылайша төл дыбыстарды дәл жеткізетін жүйе қалыптасты. Кейін бұл еңбек оқу-ағарту ісімен ұштасып, қазақ баласына ана тілінде сауат ашуға мүмкіндік берді.
Сол кезеңде түркі халықтарына лингвистика деген ғылымды алып келді. Ахмет Байтұрсынұлы Орталық Азия елдеріне лингвистика деген ғылымды қалыптастырған. Соның негізінде қырғыз, қазақ, өзбек тіл білімі қалыптасты, көршілес халықтарда тіл білімі деген ғылым пайда болды. Ал енді оның жаңалығы жазу реформасы мен ұлттық жазумен ерекшеленді», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Ермұхамет Маралбек.
Байтұрсынұлының қызметі әліпби жасаумен ғана шектелмеді. Ол қазақ тілін ғылыми тұрғыдан жүйелеп, грамматикалық ұғымдарды да ретке келтірді. Тілдің әр құбылысын қазақ баласына түсінікті түрде жеткізуге тырысты. Ғалымның «Оқу құралы» еңбегі де осы мақсатта жарық көрді. Бұл – қазақ баласының қазақша сауат ашуына жол ашқан маңызды оқулықтардың бірі. Сондықтан елімізде тілдер мерекесі дәл ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде атап өтіледі.
«Мемлекет басшысына ерекше ризашылық білдіремін. Өйткені бұрын тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. Ахмет Байтұрсынұлын ерекше қадірлеп, шын мәнінде ұлт ұстазын бағалап, қадірлеп, туған күнінде тіл мерекесін атап өтуге жағдай жасады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Бүгінде оның есімі оқулықтарда ғана емес, мектеп қабырғасында да жиі аталады. Өйткені арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де, ұлт ұстазы іске асырған маңызды тілдік реформалар білім беру жүйесінде маңызын жоғалтқан жоқ. Баланың сауатын ашу, тілдің табиғатын сақтау, қазақи білім беру – бүгінгі ұстаз үшін де негізгі міндеттердің бірі.
«Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін оқытудағы ұстанымдары өте маңызды. Ол ең алдымен баланың ана тілінде сауат ашуына, тілді дұрыс әрі түсінікті меңгеруіне мән берді. Бүгінгі білім беру жүйесінде де оқушыға қазақ тілінің табиғатын түсіндіру, сауатты жазу мен дұрыс сөйлеуге үйрету — негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері қазіргі мұғалімдер үшін де үлкен әдістемелік мұра деп ойлаймын», – деді С. Байжанов атындағы № 162 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Жұлдыз Қайырзаева.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарихта әуелі әліпбимен байланыстырылады. Бірақ оның мұрасы одан әлдеқайда кең. Ол жазуды реттеді, тілді зерттеді, оқулық жазды, қазақ баласының ана тілінде білім алуына жол ашты. Сондықтан «Әліппенің атасы» деген екі ауыз сөз бір ғана кітаптың авторын емес, қазақтың тіл білімі мен ағарту ісінің негізін қалаған ұлт ұстазын сипаттайды.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: «Екі ел – бір кеңістік»: Алматыда өзбекстандық суретші Нодир Бабамурадовтың алғашқы жеке көрмесі өтті