Тұрғын үй сарапшылары мұндай жағдайлар жиі кездесетінін айтады
Ломбардқа алтын өткізсеңіз несие немесе ипотека рәсімдей алмауыңыз мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде осындай пікірлер тарап жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ломбард қызметі көпшілікке таңсық емес. Қаржылық қиындыққа тап болып, қалта жұқарған сәтте азаматтардың басым бөлігі алтын бұйымдарын осындай мекемелерге өткізіп жатады. Кейін олардың кейбірі затын қайта сатып алса, енді бірі оны қайтармайды. Алайда мамандардың айтуынша, дәл осы тұста көпшілік қателікке жол береді. Себебі мерзімінде өтелмей, қайтарылмаған бұйымдар несие тарихына кері әсер етуі мүмкін.
Тұрғын үй сарапшылары мұндай жағдайлар жиі кездесетінін айтады. Тіпті несиесі болмай, бұрынғы қарыздарын уақытында өтеген адам болса да егер бұйымын қайтарып алмаса не төлемесе пәтер рәсімдей алмауы мүмкін.
«Маған бір азамат хабарласып, Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер алғысы келетінін айтты. Ол ипотека арқылы рәсімдемек болды. Мен одан алдын ала ипотекаға мақұлдау алған-алмағанын сұрадым. Алайда клиент әлі тексермегенін, бірақ 100 пайыз мақұлданатынына сенімді болды. Несие тарихы жақсы екенін жеткізді. Біз бірге банк бөлімшесіне барып тексердік. Бірақ бөлімше менеджерлері клиенттің бұрын микроқаржы ұйымына және ломбардқа жүгінгенін айтты. Соның салдарынан ол ипотекаға пәтер ала алмады», – деді жылжымайтын мүлік сарапшысы Альбина Торғай.
«Отбасы банк» өкілдері ломбардқа бұйымдарын тапсырғандар төлемдерді өз мерзімінде жасаса, ешқандай мәселе болмайтынын айтады. Алайда егер төлемдер уақытынан кешіктірілсе, кредиттік бюро бұл туралы мәліметті банктерге жібереді. Айта кетейік, егер қарызды өтеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда, ломбард қарыз орнына қабылданған бағалы бұйымды кем дегенде 30 күн сақтауға міндетті. Осы мерзімнен кейін ғана ол бұйымды сатуға құқылы болады.
«Ломбардқа бұйымдарыңызды тапсырғандарыңыз үшін «Отбасы банк» ипотека рәсімдемей қояды деген сөз емес. Ол да микрокредиттік ұйым болып табылады, сол себепті берешекіңіз болса, несие тарихтарыңызда сақталады», – деді «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы Назерке Ғалым.
Мамандардың айтуынша, ипотека рәсімдеп несие алу үшін тек ломбардтағы берешек емес, микроқаржы ұйымына жиі жүгіну де кедергі болып саналады. Сол сияқты уақытылы төленбеген алимент, айыппұл да несиенің мақұлдануына әсер етуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік басты назарда: Алматыда төтенше жағдайлар туралы ақпараты шұғыл тарататын мобильді қосымша іске қосылды