Биыл Ықылас музейінің құрылғанына 45 жыл толды
Орталық Азиядағы тұңғыш музыкалық аспаптар ошағы - Ықылас музейінің құрылғанына биыл 45 жыл. Атаулы мерейтой қарсаңында Португалия Елшілігі мәдениет ордасының халықаралық коллекциясына ерекше тарту жасады. Екі ел арасындағы рухани ықпалдастықты тереңдетуді көздеген тараптар Португалияның ұлттық символына айналған дәстүрлі екі гитараны музей қорына ресми түрде табыстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл құнды жәдігерлер ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген әйгілі «фадо» музыкалық жанрымен тығыз байланысты. Іс-шараға қатысқан Португалия елшісі бұл бастама халықтар арасындағы мәдени алтын көпірді бекіте түсетінін алға тартты.
«Негізгі мақсаты – ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту. Мәдени байланысты әрі қарай жалғап отырған, екі ел арасында көпір құрып отырған елшілік Португалия елінен үздік 2 музыкалық аспапты музей қорына сыйға береді», – деді Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінің бөлім жетекшісі Данияр Жаңғыбаев.
Салтанатты іс-шара аясында Алматы жұртшылығы португал музыка өнерінің қайталанбас әуенімен сусындауға мүмкіндік алды. Онда Португалиядан арнайы келген танымал өнер майталмандары - гитара шебері Луиш Геррейру, классикалық орындаушы Жуан Филипе және фаду әншісі Матилде Сид бірегей концерттік бағдарлама ұсынды. Жиналған қонақтар сыйға тартылған аспаптың шығу тарихы, жасалу ерекшелігі мен Еуропа мәдениетіндегі айрықша орны туралы жан-жақты мағлұмат алды.
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының айтуынша, жаңа жәдігерлер келушілерге шетелдік мәдениетті жақыннан тануға таптырмас мүмкіндік болмақ. «Мемлекеттеріміздің байланысын нығайту қажет. Менің пайымдауымша, бұған мәдениет, музыка және осындай маңызды игі шаралар арқылы қол жеткізуге болады. Алматыда қолға алынған қызықты жобалардың бірі –португал тіліндегі аудиогидтер желісі әлі де жалғаса бермек. Бүгінде мегаполистің 9 музейінде португал тіліндегі аудионұсқа іске қосылды». – деді Португалияның Төтенше және өкілетті елшісі Жозе Атаиде.
Оқи отырыңыз: Алматыға Нобель сыйлығының иегері, әйгілі жазушы Мо Янь келді