Президентінің айтуынша, аталған салада кешенді тексеріс кезінде қыруар ақша жымқыру үшін құжаттарды қолдан жасау, заңсыз есеп беру секілді фактілер тіркелген
«Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру жөніндегі шешімін қолдаймын». Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді. Ел Президентінің айтуынша, аталған салада кешенді тексеріс кезінде қыруар ақша жымқыру үшін құжаттарды қолдан жасау, заңсыз есеп беру секілді фактілер тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым Жомарт Тоқаев «бұл жағдай - әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекеттік мүддеге немқұрайлы қарауының салдары» деді.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әкім Тұрсынның сөзінше, қор Қаржы министрлігінің қарауына өтсе, көп мәселе бір жүйеге түспек.
«Қазақстанның әр азаматының Конституцияға сай, сақтандыру қоры бойынша немесе кепілдендірілген тегін медициналық көмек блогымен емін алуы тиіс. Президент атап өткендей, инфрақұрылымдар салынып жатыр, солардың барлығы алдағы уақытта дамуы тиіс. Мемлекет басшысы Алматы медициналық туризм қабылдау орталығы болуы керек екенн айтқан. Оған барлық потенциал бар», – деді қалалық мәслихат депутаты Әкім Тұрсын.
Ұлттық Құрылтайда ерекше назарға іліккен тағы бір мәселе – жаңа Салық кодексі. Президент халықтың ұсыныстарын ескере отырып, ережеге түзетулер енгізу қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, басты стратегиялық мақсат – сапалы экономикалық өсімді жоғалтпау. Сондай-ақ осы мақсатта инфляцияны төмендету жұмысы жаңа инвестициялық циклді бастайды, экономика мен бизнес жаңа салық ережелеріне көшеді.
«Үкімет Салық кодексіне байланысты өзгертулер енгізуі мүмкін. Енді өзгертеміз ба, өзгертпейміз бе, бірақ осындай мүмкіндік бар екенін сөз етті. Яғни, мүмкіндік беріледі. Бірақ оны тек кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар бас қосып, белгілі бір талдауды жасағаннан кейін айтуға болады», – деді Алматы азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жеке медициналық және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетігі қайта қаралады