Депутаттың айтуынша, аграрлық мамандар дайындау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар
Аграрлық және ветеринариялық мамандықтар студенттерінің шәкіртақы мөлшерін педагогикалық, медициналық бағыттардағы шәкіртақылармен теңестіру керек. Мұндай ұсынысты Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутат Жанарбек Әшімжан жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Азық-түлік қауіпсіздігі және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы – бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының басты көрсеткіші. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы мен ветеринариядағы білікті кадрлардың тапшылығы. Аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түсетіні белгілі. 2025 жылы мектеп бітіруші түлектердің саны 217 мыңнан асты. Мектептердің басым бөлігі, яғни 67,4 пайызға жуығы ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар, жоғары білімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді, 2025 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер қатысты",- деді Жанарбек Әшімжан.
Депутаттың айтуынша, аграрлық мамандар дайындау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар. Соңғы 10 жылда елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының саны 2,5 есеге ұлғайғанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттардың үлесі 2 есеге азайып, 8,5 пайыздан 4,2 пайызға дейін қысқарды.
"Бұл ел Президентінің агроөнеркәсіп кешенін экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналдыру және биологиялық қауіпсіздіктің негізі ретінде ветеринарлық қызметті дамыту туралы тапсырмаларына тікелей қайшы келіп отыр. Осы орайда әлеуметтік факторларды да атап өткен жөн. Қазіргі таңда аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгені құрайды. Бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ауылдық жердегі отбасылардың табысы тұрақсыз. Мұндай жағдайда балаларды қалада оқыту қиямпет-қайым. Нәтижесінде мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр",- деді ол.
Оқи отырыңыз: Былтыр Қазақстанға қанша қандасымыз оралды