Махамбет әлемі: Алматыда ақын мұрасына арналған кітап таныстырылды
«Ақын тұлғасы-оқырман үнімен» атты әдеби-музыкалық театрландырылған композиция ұсынылды
Алматыда Махамбет Өтемісұлының мұрасына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шара Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақтың көрнекті ақынының шығармашылығын насихаттайтын туынды «Махамбет әлемі» деп аталады. Авторы - Бекет Қарашин. Айтуынша, кітапты жазудағы мақсаты - ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту, оқушылардың әдебиет пен мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыру.
Бағдарлама аясында «Махамбет әлемі» бейнематериалы көрсетіліп, «Ақын тұлғасы-оқырман үнімен» атты әдеби-музыкалық театрландырылған композиция ұсынылды. Сондай-ақ Махамбет шығармалары бойынша терме орындалып, кітап авторы Бекет Қарашинмен кездесу сұхбат болды.
Ал кітаптар Алматы қаласының мектептеріне автордың қолтаңбасымен салтанатты түрде табысталды. Жобаның жүзеге асуына тікелей «Сәби» қоры мұрындық болған.
"Махамбет бабамыздың жырларын жинақ етіп шығару туралы ой әкемен әңгімелесу барысында туды. Әкем бұл жинақтың кітап сөресінде ғана қалып қоймай оқырманға жетіп, жас ұрпақ оқып-біліп таныса деген ниетін білдірді. Кейін мен осы ойды Бекет Қарашин ағамен талқылап, жинақты шығару туралы жұмысты қолыма алдым", - деді Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.
"Кейбір сөздерді қазіргі қазақстар білмейді. Соны іздеп тауып аударып, жеті жылдай іздендім. Осы бабамыздың жырын бүлдірмей халыққа жеткізуіміз керек. Махамбеттің екпінін, толқынын, қайсарлығын жеткізу - мақсатым", - деді жазушы Бекет Қарашин.
Оқи отырыңыз: Алматыда этномәдени туризмнің жаңа үлгісі – «Қазақтың тойлы кеші» жобасы таныстырылады