Мал өлексесі де тасталады: Талғардағы ауыл тұрғындары мүңкіген иіске тұншығып отыр

23.09.2025 20:08

Бұқара бұл мәселе 10 жылдан бері шешімін таппады деп қапалы

Алматы облысында тұтас бір ауыл өткір иіске тұншығып отыр. Өйткені, Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ елдімекенінің дәл ортасында тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 2 сотық жер бар. Тау болып үйілген қоқыстың арасына мал өлекселері де тасталады екен. Соның кесірінен ауаға жағымсыз иіс тарап, қарашаның тынысы тарылады. Бұқара бұл мәселе 10 жылдан бері шешімін таппады деп қапалы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қарабұлақтықтар жаңбыр жауса қуанады. Тұрғындар үшін ең қолайлы ауа райы осы. Өйткені, жай күндері мына жатқан қоқыстан шыққан иіс ауаға таралып, қолқаны қабады. Жұрт тіпті, далаға кір жая алмайтын болдық дейді. Қала берді көпшілік серуендеп ұзақ жүре алмайтын жағдайға жеткен. Өйткені киімге сіңіп қалған жағымсыз иісті кетіру қиын.

«Жазда келсеңіз, иіс деген сұмдық. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Терезені ашып жата алмаймыз ғой. Мүңкіген сасық иістен еркін жүру мүмкін емес. Оны иіскеп өскен балалар сау болады деп айта алмаймын», - дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Қасым Бердібеков. 

«10 жылдан бері мәселені айтып бармаған жеріміз жоқ. Әбден шаршадық. Үйден 50 метр жерде қоқыс алаңы, одан қалса қасапхана бар. Бұл сұмдық қой. Бала-шағамызбен ауру болдық. Тұншығып отырмыз. Президентіміздің өзі экологияны таза ұстауды айтады. Алайда біздің өңірдің жауаптылары жылдар бойғы зарымызды естігісі келмейді», - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Галина Арзамасова.

Тұрғындар қолқаны қабатын иіс ауыл ішіндегі қоқыстан бөлек, мал соятын алаңнан да келеді дейді. Олардың айтуынша, елдімекендегі базар артында қасапхана бар. Оның өзі санитарлық талапқа сай емес көрінеді. Мал бауыздалған соң терілері, қан мен ішек-қарындары сол жерде қалады екен. 

«Біз осында 2020 жылдан бері тұрып келеміз. Қоқыстың иісі, одан қалса мал соятын орынның иісі ауылды сасытып жатыр. Әбден шаршадық. Ауру болатын болдық», - дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гаухар Сағатбекова.

Ал жауаптылар тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 2 сотық жерді әлдекім заңсыз пайдаланып, қоқыс алаңына айналдырған дейді. Бүгінде азаматтың жеке басы анықталып, тиісті шара қолданылыпты. Және жұрт шағымданған аймақ алдағы уақытта түгел тазартылып, орнына ойын алаңы тұрғызылмақ екен.

«Полицияға шағымданғаннан кейін ол кісі арызында 10 «КамАЗ» ғана деп көрсеткен. Алайда іс жүзінде 100-ден аса «КамАЗ» қоқыс қабылданған. Естігеніміз бойынша, әр машинасына 4 мың теңгеден алған. Шу шыққаннан кейін Ядрофизика институтының мамандарын шақырып, қорытындысын алдық. Олар ешқандай зиян анықтамады. Дегенмен бұл мәселені соңына дейін жеткізіп, ол жерді топырақпен жауып, балалар алаңқайын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Құрманғазиев.

Мүңкіген иістен мезі болған жұрттың талабы бір. Олар қоқыс алаңын тазартып, қасапхананы ауыл сыртына көшірсін дейді. Ал қарашаның бұл тілегі қашан орындалары белгісіз. Себебі, әкімдік демеуші таппай, экологиялық шаралар жүргізілмейді.

Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы астық сапасына қауіп төндіруі мүмкін: диқандар дабыл қақты