Білім беру ұйымдары Жыңғылды, Тұщықұдық, Шебір, Сайөтес пен Шетпе ауылдарында орналасқан
Маңғыстау ауданында іргетасы 60 жыл бұрын қаланған 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Білім беру ұйымдары Жыңғылды, Тұщықұдық, Шебір, Сайөтес пен Шетпе ауылдарында орналасқан. Басым бөлігінің терезе, есіктері толықтай ауыстырылып, оқу кабинеттері жаңартылады. Едені мен жылу жүйелері ауыстырылады. Сондай-ақ ғимараттардың сырты қапталып, шатыры жаңаланады. Шетпедегі Берекет Жұмалиев атындағы мектепті заманауи асхана және спорт залмен қамту үшін жанынан 200 орындық қосымша құрылыс салу көзделген. Қазір оның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
«Мектеп – 1968 жылы салынған қара шаңырақ. Қаншама түлек ұшты. Менің немерелерім оқып жатыр. Ертең кішкентай немерем келеді, әдемі мектепте оқыса, қуанар едік. Асхана салынса, акт залы болса дейміз», – деді Шетпе ауылының тұрғыны Марал Зинешова.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мектептер заманауи техникамен жабдықталуы керек. Сондықтан ескі мектептерді жаңарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Айжақсы Тұржанова.
Оқи отырыңыз: Лайфхак: баланы смартфоннан ажырату үшін не істеуге болады