40 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды
«Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысының полицейлері фитоесірткі зертханасымен айналысқан 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Пәтерді тінту барысында марихуананың қырық бұтасы, 5 дана фитошам мен құрамында жасыл түсті өсімдік заты бар бес бума және 8 тыңайтқыш бөтелке табылып, тәркіленді.
«Есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеу және құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деді Полиция департаментінің баспасөз өкілі Назым Қайырхан.
Сондай-ақ тұқымы жоғалудың аз алдында тұрған бекіре балығына да Қызыл кітап пана болмай тұр. Маңғыстаулық полицейлер қызыл балықты көлігімен тасыған браконьердің жолын кесті. «Лада Ларгус» автокөлігін тоқтатып тексеру кезінде оның жүк салғышынан 4 дана, салмағы 27 келіден асатын бекіре тұқымдас балық тәркіленіп алынған.
«Тәркіленген балық «Kazakh Osseter» мекемесіне тапсырылды. Жалпы салмағы 27 келі 800 граммды құрайды. Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге мәлімет тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деді Назым Қайырхан.
Оқи отырыңыз: Балаларды суицидке итермелейтін екі негізгі фактор бар - психолог