«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы – 700 мың гектар
Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жабайы аңдар мен құстардың саны көбейген, деп хабарлайды Almat.tv тілшісі.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы – 700 мың гектар. Аталған аумақта 1 парк және 4 табиғи қаумал бар. Соның бірі – Жабайұшқан деп аталатын жер. Мұндағы инспектор Абыл Есенғалиев аң-құстардың мекендейтін жерін бес саусағындай жатқа біледі. Себебі оның күн сайын сол аумақтарды тексеріп, қаумалға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалап жүргеніне 10 жылға жуықтаған.
"Аң-құстардың жәй-күйін қараймыз, тыныштығын сақтаймыз. Арнайы құрылғымен тексеріп, бұлақтың көзін ашамыз. 7 күн жұмыс істейміз, демалыста да рейдке шығып тұрамыз", – деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Жабайұшқан қаумалының инспекторы Абыл Есенғалиев
«Қызылсай» паркінің қызметкерлері жылына 2 рет жабайы жануарларға санақ жүргізеді. Былтыр Жабайұшқан қаумалында 483 үстірт арқары анықталған. Биылғы санақта олардың саны 500-ден асқан. Қарақұйрық, ит аю, сабаншы, қарақал секілді Қызыл кітапқа енген аңдар да бар. Олар жылына 15-20 пайызға көбейген. Табиғи парк аумағынан, тіпті ала барысты да кездестіруге болады. Сондай-ақ бүркіт, ителгі, дуадақ, үкі сияқты жойылу қаупі төнген құстардың да саны артып келеді.
"Инспекторлардың жағдайы жақсы. Олар жаңа көлік, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Электр қуаты бар жүрмелі вагондары бар. Қолмен суару әдісі бойынша әр жерге астауша қойылып жатыр", – деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аң танушысы Мұхаммед Рахим Боранбаев.
Биыл қорықшыларға 3 жаңа автокөлік берілген. Сонымен қатар оннан астам фото тұзақ пен дүрбілер жеткізілген. Ал қорықшылар парк аумағын дронмен де бақылай алады. Оларға берілген заманауи құрылғылардың бірі – түнгі дүрбі. Су жаңа құралды инспекторлар алғаш қолданып жатыр. Оның ерекшелігі түнде 1 шақырым жерге дейінгі аумақты күндізгідей етіп көрсетеді. Әрі фотоға, бейнежазбаға түсіреді. Браконерлердің түнде жүретінін ескерсек, бұл – таптырмайтын құрал.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Петропавлда ауа сапасы нашарлайды