Қайғылы оқиға 16 қаңтарда шамамен сағат 01:03-те болған
Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол-көлік апатынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 16 қаңтарда шамамен сағат 01:03-те KZ-11 Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау автомобиль жолының 383-ші шақырымында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша Ақтау қаласынан Бейнеу ауылы бағытында келе жатқан Yutong маркалы жолаушылар автобусының жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында төрт жолаушы қаза тауып, үш адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобуста барлығы 50 адам болған", - делінген ведомство хабарламасында.
Қайғылы оқиға тәуліктің қараңғы уақытында болған. Жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралын 1985 жылы туған жүргізуші басқарған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы болған жерден шамамен 200 км бұрын бірінші жүргізушіні екінші жүргізуші алмастырған.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Айта кетерлігі, автобус 2025 жылдың 19 желтоқсанында техникалық байқаудан өткен және «CASPIAN TRANS CORPORATION» LLC компаниясында тіркелген. Ал аталған автожол учаскесі техникалық II санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жолдың ені 9 метрді құрайды, жол жамылғысында ақаулар анықталған жоқ. Жол белгілері бекітілген дислокацияға сәйкес толық көлемде орнатылған.
Оқи отырыңыз: ШҚО-да көлік ұрлаған күдікті ұсталды