Маңғыстауда көктемде 1438 жас әскерге шақырту қағазын алған

19.12.2025 15:59

Былтыр 1 мың 200-ге жуық адам өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған

Маңғыстау жастары әскерге баруға құлықты. Былтыр 1 мың 200-ге жуық адам өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Ал биыл көктемде 1438 жас әскерге шақырту қағазын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аллақұл Орынбай былтыр күзде әскерге шақыртылды. Алматыда Ұлттық ұлан сапында жүріп көшедегі бұзақылық, есірткі саудасына қатысты қылмыстарды жедел әшкерелеуге атсалысты. Қайсар ұлдың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Үлгілі перзент тәрбиелегені үшін оның анасы алғыс пен марапатқа ие болды. Аллақұл енді туған ағасының ізін жалғап, әскери теңізші болғысы келеді.

«Алматыда кішкентай балалар жоғалып кеткен оқиғалар болды. Оларды табуға көмектесуге атсалыстық. Ұсақ бұзақылық болады, соның алдын алып, полиция қызметкерлеріне тапсырып, «Отан қорғаушының анасы» деген марапат алдым. Өзім сияқты жастарға айтарым Қазақстанды қорғаудан қашпау керек. Отан алдындағы борышын адал атқару керек», – деді Мұнайлы ауданының тұрғыны Аллақұл Орынбай.

«Тәртіппен бірге білім алды. Жинақы, киімдері таза, төсек-орнын жинап, кешке жатарда аяқ киімін тазалайды. Бойынан өзгерісті байқадым. Солдат болып қана емес, әскерден жігіт болып оралды», – деді анасы Зұлбархыт Сүгірбаева.

Маңғыстау жастары көп жағдайда Отан алдындағы борышын батыс өңірлерде өтеп жүр. Елдегі бірегей теңіз жаяу әскерлері бригадасына, шекара жасағына баруға ниетті. Бұл ретте әскерге шақыртушының бойы мен салмағы талапқа сай келіп, психологиялық тесттен сүрінбей өтуі тиіс. Жері Каспиймен шектескен аймақта күзгі әскерге шақыру науқаны әлі де жалғасып жатыр.

«Күзгі мерзімде әскерге шақыру науқанына 816 шақырушыға тапсырыс берілген. 675 азаматты әскерге шығарып салдық. Алдағы уақытта желтоқсан айының аяғына дейін 141 азаматты Ұлттық ұлан әскерлеріне жіберу жоспарда тұр. Жылдан жылға азаматтарымыздың арасында әскери қызметке деген қызығушылықтың бар екені байқалады. Оның бірінші әскери пакет көп қарастырылған», – деді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бөлім бастығы Нұрбол Есенәлиев.  

Расында, мерзімді әскери қызмет атқарушылар мен саналы ғұмырын әскерге арнағандар үшін мемлекеттен қолдау көп.

Айталық, төмен пайызбен берілетін ипотека. Әскерден оралған жас ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Егер банкте қарызы болса, несие төлемі 14 айға шегеріледі. Тұрақты жұмысы бар азамат армияда жүрген шағында қызмет орны сақталады. Биыл осы мүмкіндікті бірнеше маңғыстаулық жас пайдаланған.

Оқи отырыңыз: Сақ болыңыз: балаңызға жаңа жылдық киім аларда нені ескеру керек