Маңғыстауда жоғалып кеткен үш тұрғын үш тәуліктен кейін табылды

Төтеншеліктер сапар бағыты мен қайту уақытын жақындарына алдын ала хабарлауды ескертеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаулық үш тұрғын зиярат сапары кезінде иен далада адасып, үш тәуліктен кейін аман-есен табылды. Олар алдымен Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етіп, кейін Қыдырша ата қорымына бет алған. Алайда 3 шілде күні Бейнеу ауданынан 35 шақырым жерде көліктері саз балшыққа батып, әрі қарай қозғала алмай қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ақтаулықтар көлікті балшықтан шығаруға бірнеше рет әрекет жасағанымен, нәтиже шықпаған. Түнді иен далада өткізуге мәжбүр болған олар айналада жыртқыш аңдардың жүргенін де байқаған.

«Көлігіміз балшыққа батып қалды. Саз балшықтан шығара алмадық. Итеріп те көрдік, бірақ нәтиже болмады. Жан-жағымызда қасқыр ма, түлкі ме, қарсақ па, түрлі жануар жүрді. Сондықтан көліктің ішінде түнеп, таңертең тағы бір амалын қарастырамыз деп шештік», – деді қала тұрғыны Ақмарал Бисенова.

Иен далада байланыссыз қалған үш жолаушының қолында бір күндік азық-түлік пен бірнеше литр ғана су болған. Үш күн бойы олар елді мекенге апарар жолды іздегенімен, ешкімді кездестірмеген. Амалы таусылған олар 5 шілде күні таңертең Қыдырша ата қорымына қарай жаяу жолға шыққан. Аптап ыстықта 35 шақырым жаяу жүру олар үшін үлкен сынаққа айналды.

«Адамдар 10-15 мың қадам жүрдік дейді ғой. Біз шамамен 100 мың қадам жүрдік. 35 шақырымды еңсердік. Күннің ыстығы 40 градус болды. Бетіміз күйіп кетті, денеміз дірілдеп әрең жүрдік. Біраз уақыттан кейін тікұшақты көрдік. Үшеуміз жан-жақтан айқайладық. Тікұшақ бізге қарай бұрылғандай болды да, кейін Ақжігіт жаққа ұшып кетті. Сол кезде барлық үмітіміз үзілді, жылап жібердік», – деді Ақмарал Бисенова.

Жолаушылар Қыдырша ата қорымына жеткен сәтте іздестіру жұмыстары да сол маңда жүргізіліп жатқан. Осылайша үш тәулік бойы хабарсыз кеткен ақтаулықтар аман-есен табылды.

«Қоңырау да барған жоқ. 112-ге жүз рет хабарластық, 911 нөміріне де, iPhone-дағы шұғыл шақыру қызметіне де қайта-қайта қоңырау шалдық. Бірақ ешқайсына хабарласа алмадық», – деді Ақмарал Бисенова.

Оқиғаға байланысты төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға шалғай аймақтарға шығар алдында сапар бағыты мен қайту уақытын жақындарына алдын ала хабарлауды ескертеді. Сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын тексеріп, жеткілікті мөлшерде ауыз су, жанармай және байланыс құралдарын алып жүруге кеңес береді.

«Көлігіңіз елдімекеннен алыс жерде бұзылып, ұялы байланыс болмаса, сабыр сақтаңыз. Көлікті жол жиегіне тоқтатып, апаттық белгі қойып, авариялық жарық шамдарын қосыңыз. Көлікті тастап, жаяу көмек іздеуге шықпаңыз. Көлік – сізді табуды жеңілдететін ең сенімді бағдар. Байланыс пайда болған жағдайда бірден 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне хабарласыңыз», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.

Мамандар балалармен немесе қарттармен жолға шыққанда оларды ерекше бақылауда ұстауға, сондай-ақ бірнеше адам сапарға шықса, бөлінбей бірге әрекет етуге кеңес береді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Оралда қайырымдылық қаржысына қатысты күдікті ұсталды