Медеу ауданында "Алғыс" қабырғасы орнатылды

02.03.2026 14:20

Алғысын білдірген әр адамға бауырсақ, құрт пен тәттілер тарту етілді

Алматыда «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымы көктемнің алғашқы мерекесіне орай Медеу ауданына «Алғыс» қабырғасын орнатты. Тұрғындар көшеде ілініп тұрған тақтайшаға жақындарына арнаған хаттарын жапсыра алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Ал бұған атсалысқан әр адамға бауырсақ, құрт пен тәттілер тарту етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көпшілік тек жақындарына ғана емес, мұғалімдерге, дәрігерлер мен еріктілерге, коммуналдық қызметкерлер мен өрт сөндірушілерге де алғыс хаттар жолдайды.

«Жылда іс-шараны өткіземіз. Алғыс айту ҚХА-ның туған күніне орайластырылған. Меніңше, жастар үшін бұл – жақсы жоба. Жас балалар, қыздар алғысын кейде айтуға ыңғайсызданады. Қабырғаны ілу арқылы жастардың алғысын халыққа жеткізіп жатырмыз», – деді «Ассамблея жастары» ұйымының мүшесі Омар Мохаммедсаруар.

«Биыл «Алғыс айту» күнінің аталып өтіп жатқанына 10 жыл толып отыр. Алғашында оның мәнін терең түсіне қоймады. Ал қазір жастар ерекше атап өтеді. Бір-біріне алғыс білдіреді. Сол арқылы адамдар арасында ыстық ықылас жанданады», – деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Рүстем Қайрыев.

Оқи отырыңыз: Рамазан: жолдағы кедергіні жою – иманның белгісі