Баяндамашыларды тыңдаған Премьер жауаптыларға тапсырма жүктеп, балалардың каникулын, лагерьлер мен мектеп бітіру кештерін қатаң бақылауға алуды тапсырды
Мектеп бітіру кешін даңғазаға айналдырып, дүркіретіп өткізетіндер жауапқа тартылады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл күнді қымбат мейрамханалар мен кафелерде дүркіретіп, аста-төк тойлауға қатаң тыйым салды. Сондай-ақ ол ақша жинауға да болмайтынын ескертті. Ал талапқа бағынбағандар полицияға жауап беруге мәжбүр болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Премьер Бектеновтің командасы оқу жылын қорытындылады. Алдымен сөзді еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова алып, баяндамасын оқып берді. Есебінше, биыл елімізде 3 миллион 900 мың оқушы білім алған. Оның 215 мыңы 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқан.
«29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды аттестаттауы өтеді. 11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізіп, ұлан-асыр той жасайтын оқушылар министрдің дүрбісіне ілінеді. Ол бұндай жиындарға ақша жинайтындарға да құрық салмақшы. Арнайы бұйрық шығарып, бекініп отырған Жұлдыз Сүлейменова мұндай шараларды тек мектеп қабырғасында өткізу керек деп санайды. Ал талапқа бағынбайтындар мен ережені елемейтіндер полицияға жауап береді. Сондай-ақ министр кешелі бері желіні шулатып, мектеп бітірген баласын құшақ жетпес гүл, қымбат телефон, тіпті машина сыйлап жатқандардың әрекетіне қатысты пікір білдірді.
«Видеоларды көріп жатырсыздар. Әкімдіктер сол жердегі ішікі істер органдарымен бірлесіп, бұйрықтың орындалуына байланысты қатаң шаралар қабылдайтын болады. Әрине, тәртіп бәрімізге ортақ. Бұл бұйрықтың қабылдануы «заң және тәртіп» қағдиатының аясында жүзеге асырылды. Рет-ретімен тәртіптке халық көнеді деп ойлаймыз. Қоғамның сұранысы – артық даңғазаға бой бермеу», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың шамамен 200 мыңы биылғы мектеп түлектері. ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің есебінше, қазірдің өзінде 80 мыңнан астам адам тест тапсырған.
«Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. Бүгінгі таңда тестілеуден 80 мыңнан астам талапкер өтті. ҰБТ-ның жоғары әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдардан тестілеу толық аяқталғанға дейін барлық қажетті шаралардың тұрақты үйлестірілуін қамтамасыз етуді сұраймыз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Қазақстанда 14 жастан асқан балаларға жұмыс істеуге рұқсат. Еңбек министрі Асқарбек Ертаев Премьерге 1 миллион 700 мың бала заңды түрде еңбекке араласа алатынын айтты. Сөзінше, қазірдің өзінде 5 мың 300 оқушы екі қолға бір күрек тапқан.
«Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Мамандықтар бойынша көгалдандыру жұмысшылары, курьерлер, даяшылар, сатушы-консультанттар, аспаз көмекшілері, аниматорлар жұмысын істейді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Жазда ел бойынша 3 миллион 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатын болады. Екі мыңға жуық жеткіншекке тегін әуе билеті беріледі. Түрлі спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар өтеді. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі лагерьдегі тексерісті күшейтіп, қызметшілерінің өткеніне көз жүгіртіп, бұрын-соңды істі болған-болмағанын тексереді.
Олжас Бектеновке өзге де министрлер есеп берді. Еліміздің бас полицейі Ержан Сәденов тәртібі ақсап тұрған 3 мыңнан астам баланы есепке қойғанын айтты. Ал Денсаулық сақтау министрі мектеп асханаларында бақылауды күшейтпек. Төтеншеліктер болса су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын мықтап қолға алуға бекініп отыр. Баяндамашыларды тыңдаған Премьер жауаптыларға тапсырма жүктеп, балалардың каникулын, лагерьлер мен мектеп бітіру кештерін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушы жер сілкінісін жасанды интеллект көмегімен тәулік бұрын болжамақ