Мектептің әлеуметтік желілерінде балалардың суретін ата-ана келісімінсіз жариялауға бола ма

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мектептер әлеуметтік желілерде парақшаларын белсенді жүргізіп, оқушылардың фотосын және бейнематериалдарды жиі жариялайды. Алайда балалардың суреттерін қандай жағдайда ата-анасының келісімімен жариялау қажет, ал қай кезде заң бұған келісімсіз мүмкіндік береді?

Ең алдымен, адамдардың бейнесін олардың келісімінсіз жариялауға бола ма және заңда қандай жағдайларда бұған рұқсат етілетінін анықтап алу қажет,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл норма Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 14-бабы 2-тармағында, сондай-ақ, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңының 18-бабында қарастырылған.

Аталған екі заңда да адамның бейнесін пайдалануға келісім алу талап етілмейтін бірнеше жағдай көрсетілген:

1. Егер адам ойын-сауық, мәдени, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар, спорттық және өзге де көпшілік әрі жария іс-шараларға, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатысса;

2. Егер контентте адамның бейнесі және оның қызметтік және (немесе) жария қызметіне қатысты мәліметтер қамтылса, сондай-ақ бұл материалды адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті тұлға қолжетімділігі шектелмеген дереккөздерде орналастырып, таратса;

3. Егер адамның бейнесі конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында пайдаланылса, онда материалдарды рұқсатсыз жариялауға болады.

Демек, белгілі бір жағдайларда адамдардың бейнесін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерге жүктеуге рұқсат етіледі. Алайда балаларға қатысты маңызды жайтты ескерген жөн. Жоғарыда аталған нормаларда кәмелетке толмағандар туралы жеке ереже бекітілмеген. Бұл жөнінде заңгер Дмитрий Куклин пікір білдірді.

"Бұл мәселеде қарапайым бір жайтты түсіну керек. Бала қандай да бір мектепте оқыса, оның суреттерін әлеуметтік желілерде жариялауға ата-анасы автоматты түрде келісім берді дегенді білдірмейді. Жалпы ереже бойынша, мұндай деректерді тарату үшін адамның өзінің немесе оның заңды өкілінің келісімі қажет. Ал кәмелетке толмаған бала туралы сөз қозғасақ, мектеп ата-анасынан алдын ала расталатын келісім алғаны дұрыс", — деді ол.

Алайда бұл мәселені нақты мысалдар арқылы қарастыруға болады. Егер мектеп көпшілік іс-шарадан — концерттен, көңілді старттардан немесе сенбіліктен — түсірілген материалдарды жариялап, бала басқа қатысушылармен бірге жалпы кадрға түсіп қалса, мұндай жарияланым адамның бейнесіне қатысты құқығын бұзу болып саналмайды.

Басқа сәттерді де қарастырып көрелік. Кадрда әдеттегі сабақ кезінде түсірілген бірнеше оқушы бар, ал жарияланымның сипаттамасында оқу үдерісі туралы ақпарат берілген. Мұндай жағдайда материалды жариялаудың заңдылығына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін.

"Заңда шынымен де ерекшеліктер қарастырылған. Мысалы, іс-шара жария сипатта болса, яғни спорттық немесе мәдени көпшілік іс-шара өтсе, бейнені жариялауға барлық жағдайда келісім талап етіле бермейді. Бірақ баланың көп қатысушының арасында жалпы кадрға түсіп қалуы бір бөлек те, мектептің белгілі бір оқушының фотосуретін жеке жариялап, оның аты-жөнін, сыныбын немесе өзге де мәліметтерін көрсетуі басқа нәрсе. Мұндай жағдайда дербес деректер туралы заңнама талаптары мен баланың өз бейнесіне қатысты құқығын міндетті түрде ескеру қажет", — Дмитрий Куклин.

Заңгердің пікірінше, мектептер үшін ең дұрыс шешім — бұл мәселені ата-аналармен алдын ала келісіп, балалардың фото және бейнематериалдарын жариялауға расталатын келісім алу.

Осылайша, ата-аналар баласының суреті қай дереккөздерде жариялануы мүмкін екенін біледі, ал мектеп әкімшілігі нақты қандай материалдарды жариялауға рұқсат берілгенін түсінеді.

Айта кетейік, кейбір жекеменшік оқу орындары мен тіл мектептері білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу кезінде балалардың бейнесі бар материалдарды жариялауға ата-аналардан бөлек жазбаша келісім алады. Мұндай тәжірибе жалпы білім беретін мектептерде де кездеседі.

Оқи отырыңыз: Балаларды сабаған санитарлар: Аягөздегі орталықта 100-ден астам зорлық дерегі анықталды