Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясына қатысты
«Балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес». Елордада өткен республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы осылай деді. Жиында Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біздің міндет – мұғалімнің қоғамдағы беделі мен мәртебесін мейлінше арттыру» деген Қасым-Жомарт Тоқаев, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала екенін айтты.
«Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Оның мақсаты – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет деген Мемлекет басшысы бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін еске салды. Сондай-ақ өзге елдердің бала оқыту үлгісін көшіре салмай, дамыған мемлекеттердің білім беру саласындағы тәжірибесін зерттеп, үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек деді. Жиында Мемлекет басшысы білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазға мемлекеттік наградалар табыстады.
«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясына қатысты