Мемлекеттік мүлік мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды
Құрылтайда сондай-ақ стратегиялық объектілерді реттеуге ұсынылып отырған өзгерістер талқыланды
Құрылтайда мемлекеттік мүлік мәселелері жөніндегі заң жобасының таныстырылымы өтті. Отырыс комитет төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылтайдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, ұсынылып отырған өзгерістерді депутаттарға Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов таныстырды,
Мемлекеттік мүлікті басқару саласында не өзгереді?
- Мемлекеттік мүлікті басқарудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Оның аясында мемлекеттік ұйымдар қызметінің тиімділігі жыл сайын бағаланып, оларды мемлекеттік меншікте сақтау қажеттілігі негізделеді.
- Мемлекеттік кәсіпорындардың құқықтық режимі нақтыланып, өздеріне бекітілген мүлікті пайдалану дербестігі кеңейтіледі.
- Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне қатысты тәсіл өзгереді. Олар үшін бес жылдық даму жоспарлары, тиімділік көрсеткіштері және инвестициялық комитеттер құру көзделеді.
- Табиғи монополиялардың жекелеген объектілерін жекешелендіруге қойылатын талаптар күшейтіледі. Оның ішінде қызмет саласын, жұмыскерлер санын сақтау және инвестициялық міндеттемелерді орындау талаптары бар.
- Мемлекеттік мүлікті есепке алу цифрландырылып, тиісті тізілім кеңейтіледі.
Таныстырылымнан кейін депутаттар мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық тиімділігін есептеу мен белгіленген көрсеткіштерді орындамағаны үшін жүктелген жауапкершілік туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ стратегиялық объектілерді реттеуге ұсынылып отырған өзгерістер талқыланды.
Заң жобасы бойынша жұмыс депутат Илья Теренченко жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтеді