Менің барым да, кәсібім де – қазақ тілі: Асылы Осман оқушылармен кездесті
Кездесуде оқушылар тіл жанашырына көкейдегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты
"Менің барым да, базарым да, нәсібім де, кәсібім де – қазақ тілі". Бұл – саналы ғұмырын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арнаған Асылы Әлиқызы Османның өмірлік ұстанымы. Республика күні қарсаңында тіл жанашыры Алматыдағы білім ошақтарының бірінде жас ұрпақпен жүздесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ тіліне арналған онкүндік аясында ұйымдастырылған кездесуде оқушылар ана тілінің қадірін өлеңмен өрнектеп, қайраткердің өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Сондай-ақ арнау оқып, тағылымды басқосудың мазмұнын аша түсті.
"Қазақ тумасынан ұлы сөзін ұлтына, жылы сөзін жұртына айтқан. Міне, ұлы сөзін ұлтынан ұғып, мен де білгенімді балаларға айтып, олардың білгенін тыңдап, сүйсініп отырмын. Менің елім ассын, тассын, алға қазақ, самға қазақ, талма қазақ, көрме азап. Азап көрмейік, тіліміз асқақтасын, еліміз ілгері қарай жүрсін!" - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Кездесуде оқушылар тіл жанашырына көкейдегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Ал Асылы Әлиқызы қазақ тілінің қадір-қасиеті, оның ұлт болмысын сақтаудағы орны мен жас ұрпақ алдындағы жауапкершілік жөнінде ой бөлісті.
Айта кетейік, тағылымды басқосу өткен мектепте 1560 оқушы ана тілінде білім алады. Оларға 12 қазақ тілі мұғалімі дәріс береді.
"Ұстараның жүзінде ғұмыр кешкен..." атты тағылымды кездесу тіл жанашыры, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Парасат" орденінің иегері Асылы Әлиқызы Османовамен өтті. Ұлт пен тілдің жанашыры ретінде үлкен істер атқарып жүрген қоғам қайраткерімен Республика күні қарсаңында оқушылармен кездесу ұйымдастырдық", – деді № 208 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аян Нұрболат.
Оқи отырыңыз: Шыңғыс Айтматов -100: Алматыда «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды