Алматы халықаралық әуежайы Авиациялық көлік прокуратурасымен бірлесіп, балаларға арналған қайырымдылық акциясын өткізді

01.09.2026 11:20
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Алматы халықаралық әуежайы авиациялық көлік прокуратурасымен бірлесіп, “Білім күні”  мен жаңа оқу жылының қарсаңында балаларға арналған қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Акция аясында «Әділ» қорының тәрбиеленушілеріне, «Надежда» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына мектепке қажетті сөмкелер мен оқу құралдарының жиынтықтары табысталды.

Іс-шараға Алматы халықаралық әуежайы президентінің орынбасары әрі аға вице-президент Филипп Лабори және Алматы қаласының Авиациялық көлік прокурорының орынбасары Сыдықов Абай Серікұлы қатысты. Олар балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оқуда сәттілік, жаңа жетістіктер мен жарқын сәттер тіледі.

Сондай-ақ, акцияға қатысқан балалар үшін аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар түрлі ойындар мен көңілді шараларға қатысып, тәттілерден дәм татты.

Алматы халықаралық әуежайы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік (CSR) бағдарламасы аясында балаларға көмек көрсетуге, жергілікті тұрғындарды қолдауға, сондай-ақ олардың білім алуы мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды тұрақты түрде қолдайды.

Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық әуежайы «Мектепке жол» республикалық акциясын қолдады

Толық көрсету