Аталған іс бойынша сараптама тағайындалған
Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде 3 жастағы қыз баспалдақтан құлап кеткен. Шұғыл көмек көрсеткен дәрігерлер кейіннен баланың жабық бас-сүйек жарақатын алып, миының шайқалғанын растады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал оның анасы аталған жайтқа тәрбиешілердің салғырттығы себеп деп отыр. Өкініштісі, баланың нақты қай жерде, қалай жарақат алғаны мекемедегі бейнебақылау камераларына жазылмапты. Қазір аталған іс бойынша сараптама тағайындалған.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 140-бабы, 2 бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – деді ПД Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Максотова.
Айта кетейік, бұл жағдайдан соң жекеменшік балабақшаның әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыстың уақытша тоқтайтыны жазылған. Қазір аймақтағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымына тексеріс жүргізу жоспарланып отыр.
«Бізге материал түссе, ҚР ӘҚБК 409-бабы, 3-тармағына сәйкес тиісті айыппұл саламыз. Лауазымды жауапты адамның өз қызметіне салғырт дұрыс қарамау салдарынан білім алушылардың денсаулығына жеңіл зиян әкеліп соқса, 50 АЕК айыппұл салынады», – деді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев.
Оқи отырыңыз: Қостанайда қос қабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті