Жұрттың айтуынша, пәтердің күтіміне деп тұрақты төлем жасап отыр, бірақ еш нәтиже жоқ
Қостанайда қос қабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Тұрғындар тозығы жеткен баспананың апатты жағдайда тұрғанын айтып, жергілікті әкімдіктен көмек сұрап отыр. Сөздерінше, үй 35 жылда бірде-бір рет жөнделмеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жұрттың айтуынша, пәтердің күтіміне деп тұрақты төлем жасап отыр, бірақ еш нәтиже жоқ. Үйдің шатырынан су ағып, қабырғадағы жарықтар ұлғайған. Көпшілік «баспананың қалған бөлігі де кез келген сәтте құлауы мүмкін» деп алаңдап отыр.
«Кірпіштері құлап түсті, шошып кеттік. Не болғанын түсіне алмай қалдық. Сыртқа жүгіріп шықсақ, бәрі қирап жатыр. Енді біреу назар аударып, келіп, нақты көмек көрсетсе дейміз. Әйтпесе ескі үйімізден айырылып қаламыз», – деді қала тұрғыны Алевтина Леготина.
Қабырғасы құлаған екі қабатты үйдің тұрғындары баспананы өз күшімен жөндеуге жағдайы жоқ екенін айтты. Олар – зейнет жасындағы азаматтар. Пәтер иелері кооперативінің мәліметінше, мұндағы жұрт ай сайын шамамен 30 мың теңге төлейді. Алайда бұл қаражат ағымдағы қажеттіліктерге әрең жетеді. Айта кетейік, соңғы жылдары қалада осындай шағын үйлерді бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру ісі қолға алынған. Белгісіз себептермен баспана бағдарламаға енбей қалған. Енді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тұрғындардың мемлекеттік бағдарлама арқылы жөндеу жұмыстарына қатыса алатынын мәлімдеді. Бірақ бұл көмек тек қайтарымды қаржыландыру шартымен жүзеге асады.
Қостанай қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі:
«Кондоминиум нысанының ортақ бөліктерін жөндеуді Қостанай қаласында жүзеге асып жатқан «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» аясында жасауға болады. бұл бағдарлама бойынша мемлекет көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге қаржы бөледі. Алайда қаражат қайтарымды. яғни, тұрғындар алған көмекті 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде мемлекетке қайтарады».
Оқи отырыңыз: Алматыда күзетшіні қатыгездікпен өлтірген азаматқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды