Туындыда кәсіпкердің ауылды дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қолдауға қосқан үлесі де қамтылған.
Алматыда белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Алматы облысының құрметті азаматы Сыдық Дәулетовтің «Нар жолы» атты ғұмырбаяндық эссесінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түйе шаруашылығын дамытуға және ұлттық өнімдерді өндіруге үлес қосқан азамат өз еңбегінде өміріндегі қиын кезеңдерді, отбасы мен кәсіпке, сондай-ақ ғылымға қатысты естеліктерін жазған. Автордың сөзінше, «Нар жолы» – бір ғана адамның өмірбаяны емес, еңбек пен табандылықтың нәтижесін көрсететін шығарма. Туындыда кәсіпкердің ауылды дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қолдауға қосқан үлесі де қамтылған.
«Әр кезеңнің қиындығына көбірек тоқтадым. 2009 жылы түйеден кандидаттық диссертация қорғаған ғалым ретінде, Аграрлық университеттің құрметті профессоры ретінде ой өрбіттім. Бұл жерде "Әке алып берген қыз" деген бөлім де бар. Отбасы туралы да, бизнес туралы да, ғылым туралы да, мемлекеттік саясат туралы да жазылды. Жалпы айтқанда, мен өзім негізі жан-жақты адаммын», – деді кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сыдық Дәулетов.
Кітап таныстырылымына келгендер «Нар жолы» еңбегін жастарға берері мол дүние деп бағалады. Олардың сөзінше, туындыда табандылық пен еңбекқорлықтың нақты нәтижесін көруге болады.
Айта кету керек, Сыдық Дәулетов 2001 жылы елімізде түйе өсіру ісін бастап, Алматы облысы Іле ауданының Ақши ауылында түйе шаруашылығын құрған. Бүгінде кәсіпорында түйе сүтін өңдеу, шұбат және құрғақ түйе сүтін өндіру бағыттары дамып, заманауи технологиялар енгізілді. Азамат өндірісті өркендетумен қатар, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдауға да үлкен көңіл бөліп келеді.
«Кітапта кейде мүлде күтпеген дүниелер үйлесіп кетеді. Бұл – табанды еңбектің арқасы. Қалай да алған бағытынан қайтпағандығының жемісі. Мұны әрбір жас оқуы тиіс деп есептеймін. Біз қазір коучтардың әңгімесін көп тыңдаймыз. Ал егер өсемін, жұмыс істеймін деген адам осы кітапты оқыса, ешқашан ұтылмайды», – деді халықаралық «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы.
Оқи отырыңыз: Қараусыз қалған тарих: Атыраудағы 100 жылдық ғимаратты қалпына келтіруге қаржы жетпей отыр