Науқастарды ұрып-соқты: Павлодардағы орталық әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Онда орнатылған 10 камера ортақ пайдаланылатын аумақтардың басым бөлігін қамтиды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы егде жастағы науқастарға күш қолданылды деген ақпараттың расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде ерлер бөлімшесі қызметкерлерінің бірі пациенттерді бейнебақылау камералары жоқ жерде ұрып-соқты деген жазба тараған еді. Осыған байланысты мекемеде қызметтік тексеру жүргізілді. Орталықтың мәліметінше, ерлер бөлімшесі тәулік бойы бақыланады. Онда орнатылған 10 камера ортақ пайдаланылатын аумақтардың басым бөлігін қамтиды. Мекеме басшылығы қызметтік тексеру кезінде науқастарға қатыгездік жасалғанын дәлелдейтін дерек табылмағанын хабарлады.

«Жазбада аты аталған Азамат есімді санитардың орталықтың екінші ерлер бөлімшесінде жұмыс істемейтіні анықталды. Бөлімше 45 орынға есептелген, қазір онда 45 науқас ем қабылдап жатыр. Барлық пациентпен және медицина қызметкерлерімен әңгіме жүргізілді. Қызметкерлердің жұмысына да, бөлімшедегі жағдайға да қатысты шағым немесе наразылық айтылған жоқ. Бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау барысында да айыптау деректері расталмады», – деді Павлодар облыстық Психикалық денсаулық орталығы басшысы орынбасарының м. а. Александра Бухарина.

Психикалық денсаулық орталығы мекеме мен оның қызметкерлерінің іскерлік беделін заң аясында қорғайтынын мәлімдеді. Қызметтік тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданбақ. Орталық әкімшілігі шындыққа жанаспайды деп есептеген ақпаратты таратқан тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Ұлытау облысында 2 күнде 3 адам көз жұмды