«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды

10.03.2026 14:51

Жеңілдетілген ипотекадан үміттілердің депозитінде кемінде 2 миллион теңге болуы тиіс

«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды. Оған Отбасы банкінің барлық салымшылары қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеңілдетілген ипотекадан үміттілердің депозитінде кемінде 2 миллион теңге болуы тиіс. Сондай-ақ соңғы 5 жылда өзінде де, отбасы мүшелерінде де үйі болмауы керек. Несиенің шартына сай жаңадан салынып, іші жөнделген пәтерге алғашқы жарна 10 пайыздан басталса, жөндеуден өтпеген жаңа немесе өзгеден сатып алған баспана үшін 20 процент болады. Несие сомасының ең жоғары мөлшері Астана мен Алматыда 36 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін белгіленген. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несие жылдық 7 пайызбен беріледі. Ал өзге қатысушылар үшін мөлшерлеме 9 процент болады.

«Өтініштер 31 наурызға дейін қабылданады. Егер депозитіңізде 2 миллион теңге болса, сіз және сіздің отбасы мүшелеріңіз соңғы бес жыл бойы баспанасыз жүрсе және осы сынақтан өтсеңіз, «Наурыз» бағдарламасына өтініш беріңіз. Менің ойымша, бұл – қазіргі уақытта үй сатып алудың ең жылдам жолы», – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: Отандық құрылыс материалдары: елімізде биыл 38 жаңа жоба іске қосылмақ