Күтпеген олжа: жөндеу кезінде ер адам сирек кездесетін тарихи мылтықты тапты

Polisia.kz
Polisia.kz

Азамат заңға бағынушылық танытып, қаруды бірден тәртіп сақшыларына тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгінді. Ер адам жаңадан сатып алынған ескі үйде жөндеу жұмыстары кезінде ескі мылтықты тапқанын хабарлады. Ең бастысы — азамат заңға бағынушылық танытып, қауіпті олжаны бірден тәртіп сақшыларына тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған Almaty.tv.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері табылған қарудың әлемдік қару-жарақ тарихында ерекше орын алатын, әйгілі конструктор Джон Мозес Браунинг жасап шығарған аңызға айналған «Browning Auto-5» тегіс ұңғылы жартылай автоматты мылтығы екенін анықтады. Бұл модель 1898 жылы әзірленіп, 1905 жылы армия бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының қарулануына ресми түрде қабылданған. Сондай-ақ, бұл қару Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да белсенді қолданылған. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша тиісті баллистикалық сараптамалар тағайындалды.

Мамандар мылтықтың нақты шыққан жылын анықтап, оның қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруде. Полиция бөлімі қаруды өз еркімен өткізген аудан тұрғынына алғыс білдірді. Оның бұл әрекеті жоғары азаматтық жауапкершілік пен айналадағылардың қауіпсіздігіне деген жанашырлықты көрсетеді. Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды полицияға өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Тәртіп сақшылары ескі үйлерде өткен күннің естеліктері ғана емес, сонымен қатар қауіпті олжалар да сақталуы мүмкін екенін ескертеді. Сондай-ақ, күдікті заттар табылған жағдайда азаматтарды дереу «102» нөміріне хабарласуға шақырады.

Оқи отырыңыз: Алматыда 30-дан астам ұрланған телефон тәркіленді

Новости партнеров