Тұрғындардың айтуынша, жер тек жаңбырмен емес, кәріз құбырынан ағатын лас сумен де толығады
Толассыз жауған қар мен жаңбыр Шымкент тұрғындарын әбден әбігерге салып жатыр. Кеше көшелерде ағаштар құлап, көліктерді басып қалса, бүгін қаладағы жолдар нөсер суына толды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Шымкенттіктер үйіне аяқ киімін шешіп, жалаң аяқ кіруге мәжбүр болған. Салдарынан тұрғындар сырқаттанып, жұмысқа шықпай қалыпты. Халық жаңбыр жауып, қар еріген сайын осындай қиындыққа тап болатынын айтып, ашуланып отыр. Он жыл бойы әкімдікке арызданғанымен, нәтиже жоқ.
«Азанда шығуын шығып кеткем, кешке кіре алмай қалдық. Есік алдын сәл тазалап беріңдерші, үйге кіріп-шығайық деп. Ешқайсысы бізге көңіл аудармады. Қанша әкім ауысып жатыр, сол әкімдерге жазып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Гүлнар Әлібаева.
Көшелерді басып қалған су лай-батпаққа айналған. Тұрғындардың айтуынша, жер тек жаңбырмен емес, кәріз құбырынан ағатын лас сумен де толығады. Салдарынан ауа сасып, жолдар нәжіске толып кетеді.
Қала билігі арықтардың тасып, көшелерге су жайылғанын мойындап отыр. Жауаптылар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатқанын айтты. Тіпті кей жерлерге бөгет қойылып, алдағы жауын-шашынға дайындық басталғанын да хабарлады.
«11-12 ақпан күндері ауа райының күрт өзгеруіне, қардың, жаңбырдың қатты жаууына байланысты аудан аумағында бірнеше жерлерде ирригациялық лоток жүйелері арнасына сыймай тасыды. Күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған, арнайы суды тасымалдайтын, тартып алатын, мотопомпілер бөлінген», – деді Абай аудандық әкімі аппаратының бас инспекторы Ерғали Әбілов.
Қала әкімдігі Қошқарата өзенінің арнасынан су тасуы мүмкін екенін ескертті. Қазіргі таңда өзенге жақын көшелерде тазалау жұмыстары басталған. Жауаптылар тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтап, көліктерді қауіпсіз жерге қоюға және жеке мүлікті қорғауға шақырды.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Жауапты міндет: Алматыда жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің жиыны өтті