Жаңа заң: 2026 жылдан бастап Қазақстан жолдарында қандай көліктерге жүруге тыйым салынады

Depositphotos
Depositphotos

Жүргізушілер мен тасымалдаушылар үшін қандай өзгерістер күшіне енетінін және олардың жүк тасымалына қалай әсер ететінін білу маңызды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көлік министрлігі бұған дейін заңда көзделген нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап толық көлемде қолданыла бастайтынын хабарлаған. Осы талаптарға сәйкес, рұқсат етілген салмақтан асатын самосвалдардың Қазақстан жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Сонымен қатар, дүкендер мен кәсіпорындарға мұндай көліктермен жеткізілген жүктерді қабылдауға болмайды. Ережені бұзғандар айыппұлдар мен өзге де санкцияларға, тіпті жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттардың бұзылуына дейін тартылуы мүмкін, деп хабарлайы  Almaty.tv.

Бұл талаптар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бекітілген. Көлік министрлігінің мәліметінше, шамадан тыс жүктелген самосвалдарды пайдалануға тыйым бұған дейін енгізілген, ал 2026 жылдан бастап осы тыйымды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары толық қолданыла бастайды.

Заңның жаңа редакциясына сәйкес, 2026 жылдан бастап рұқсат етілген массадан асатын самосвалдардың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерімен жүруіне тыйым салынады. Самосвал «жүктi өздігінен түсіруге арналған механикалық түрде көтерілетін кузовпен жабдықталған автомобиль» ретінде айқындалады. Бұл тыйым 2023 жылы енгізілгенімен, бизнеске бейімделу үшін үш жылдық өтпелі кезең берілген.

Заңның 38-2-бабына сәйкес, самосвалдармен рұқсат етілген салмақтан артық жүк тасымалдауға жол берілмейді. Сондай-ақ жаңартылған «Автомобиль көлігі туралы» заң жүк жөнелтушілерге мұндай көліктерді жүктеуге тыйым салады. Аталған талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке және айыппұл санкцияларына әкеп соғады.

Өзгерістер «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға да енгізілді. Егер жер қойнауын пайдаланушы бір жыл ішінде шамадан тыс жүктелген самосвалдармен жүк тасымалдау талабын екі рет бұзса, оның келісімшарты бұзылып, лицензиясы кері қайтарылады. Компаниялар жаңа нормалардың сақталуы туралы тұрақты түрде есеп беруге міндетті болады.

Көлік министрлігінің дерегінше, самосвалдар елдегі жүк көліктерінің шамамен 35 пайызын құрайды. Олардың жүксіз күйдегі салмағының өзі 12 тоннадан асуы жол жабынының тез тозуына әкеледі. Статистикаға сәйкес, жыл сайын жолдардың бүлінуіне қатысты шамамен 25 мың жағдай тіркеледі, оның 60 пайыздан астамы самосвалдардың қозғалысымен байланысты.

Билік өкілдері бұл шаралар жол инфрақұрылымын сақтау және оны жөндеуге кететін шығындарды азайту үшін қажет екенін атап өтеді. Министрлікте жаңа бақылау жүйесі ауыр салмақты көліктердің салдарынан болатын жолдардың одан әрі бұзылуын болдырмауға мүмкіндік беретіні айтылды. Бұл ретте жауапкершілік тек тасымалдаушыларға ғана емес, жүк жөнелтушілерге, жүк қабылдаушыларға және логистикалық тізбектің өзге де қатысушыларына жүктеледі.

Сонымен қатар, заңға сәйкес жүк жөнелтушілер жүктеу алдында жүктің салмағын өлшеп, көлікті пломбалауға және жүргізушіге жүктің салмағы туралы тиісті сертификат беруге міндетті. Тіпті жүксіз жүрген жағдайда да, егер самосвалдың өз салмағы 12 тоннадан асса, оны жалпы пайдаланымдағы жолдарда қолдануға рұқсат етілмейді.

Осылайша, 2026 жылдан бастап Қазақстандағы жүк тасымалы саласында жол желісінің жағдайын жақсартуға және логистикалық үдерістердің барлық қатысушыларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер толық күшіне енеді.

Новости партнеров